Банк пен қаржы

Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері қаңтарда 700 миллион долларға өсті

Қазақстанның халықаралық резервтері 700 млн долларға өсті/ Фото: архив kursiv.media

Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 2024 жылдың қаңтарында 706 млн долларға өсті. Осылайша оның жалпы көлемі 36,67 млрд долларды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.

«Қазақстанның 2024 жылғы қаңтардағы жалпы халықаралық резервтері 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 706 миллион долларға немесе 1,96 пайызға өсіп, 36,67 миллиард долларға жетті», – деп жазылған Ұлттық банктің жұма күні ресми сайтында жарияланған есебінде.

Шетел валютасындағы активтер 2024 жылғы қаңтарда 3,25%-ға өсіп, 17 млрд долларға жуықтады. Ал алтын түріндегі активтер 0,88%-ға немесе 19,7 млрд долларға дейін артты. Таза халықаралық резервтер 2,27%-ға өсіп, 34,67 млрд долларды құрады.

Еске сала кетсек, Қазақстанның халықаралық резервтері 2023 жылғы сәуірде 1,8%, 96,3 млрд долларға дейін ұлғайды. 2023 жылдың басынан санағанда бұл көрсеткіш 6% өскен. Наурызда елдің халықаралық резервтері 2,9%-ға артқан болатын. Бұл туралы Ұлттық банктің жариялаған статистикасынан белгілі болды.

Өсімге ең алдымен жалпы халықаралық резервтердің бір айда 3,8%-ға ұлғаюы ықпал етті. Қазақстан ұлттық қорының активтері сәуір айында 0,5%, 58,7 млрд долларға өскен. Айта кету керек, халықаралық резервтер жалпы халықаралық резервтер мен Ұлттық қор активтерінен тұрады. 

2023 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының шетелдегі активтерінің жалпы көлемі 184 млрд долларды құрады. Соңғы 10 жылда тікелей инвестиция (+16%, 34 млрд долларға дейін) мен резерв активтердің (+47%, 36 млрд долларға дейін) қарқынды өсуі есебінен 4% көбейді. Дегенмен активтердің жалпы құрылымы аздап өзгерген. Оның негізін тікелей (18%)және портфелді инвестиция (41%) құраса, «басқа инвестициялар (негізінен кредит) мен резерв активтердің үлесі сәйкесінде 21 және 20 пайыз.

Сала бойынша алып қарасақ, Қазақстан резиденттерін шетел қаржы секторындағы компаниялар (активтердің 39%), мемлекеттік органдар (32%), холдингтер (11%), мұнай өндіруші компаниялар (4%), металлургия және сауда компаниялары қызықтыратыны байқалады.

Халықаралық активтердің негізгі иелеріне шолу осы құрылымның ішінде бөліністі түсіндіруге көмектеседі. Халықаралық инвестициялық позиция статистикасына Ұлттық қордың халықаралық активтері де кіреді. Қазір оның көлемі 58 млдр доллардан асты. Ол Қазақстан халықаралық активтерінің 31%-ын құрайды.