Жаңа премьер-министр арнайы кеңес өткізіп, Үкімет мүшелеріне тапсырма берді. Cоның ішіндегі МӘМС жүйесін реформалау да бар.
Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ұшыраған бұл жүйені жетілдіру үшін қайта форматтау қажет екенін айтқан.
«МӘМС жүйесі елеулі қайта форматтауды қажет етеді деп санаймын. Қаражатты тиімсіз жұмсау мен артық жалған тіркеулер бола тұра оны қаржыландыруды ұлғайтуға жол берілмейді. Сала толық цифрландыру мен ашықтықты талап етеді», — деді Премьер-Министр.
Одан бөлек Үкімет басшысы цифрлық трансформация барлық салада жүргізілуге тиіс екенін атап өтті. «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» сынды ұлттық жобаларды іске асыру тапсырды. Сонымен бірге азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін де реформалауды ұсынды.
«Батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндетті шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ол формализм мен бюрократиялық сарсаңға салуды толығымен жоя отырып, стереотиптерден арылу қажеттігіне тоқталды.
«Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуге тиіс, салалық мәселелерді өз деңгейінде жедел шешулері қажет. Жұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болатынын әркім түсінуге тиіс», – деді премьер-министр.
Еске сала кетсек, 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесін сынға алған болатын. Мемлекет басшысы бұл сала бюджетінің екі есе артқанына қарамастан, медициналық көмек халық үшін қолжетімсіз болып отырғанын айтты.
«Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», – деді президент.
Сонымен бірге президент көп жағдайда ресурстардың тиімсіз жұмсалатынын айтты. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ түсіп жатқанын атап өтті. Медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да МӘМС жүйесі түзетулерді талап ететінін айтқан еді. Ол МӘМС бойынша жұмыс басталғанын айтты. Бірінші кезекте, медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатылған. Яғни бұрын әрбір мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, осы жылдан бастап, бір мекеме бір келісімшарт жасайтын етіп цифрландырылған. Екіншіден, арнайы математикалық модель жасалған. Оған сәйкес азаматтардың нақты ем алғаны туралы ақпарат цифрландырылған. Сонымен бірге әр азаматқа қызмет алған алмағаны туралы ақпарат келіп отырады. Осы үш мәселе реттелген.
Ал жаңа Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова Медициналық сақтандыру қорының таратылуын қолдамайтынын, керісінше, жүйені жетілдіріп, сәтті жобаға айналдыру қажетін айтқан болатын.
Мен қордың таратылуын қолдамаймын, бізге мұндай қор керек. Жалпы алғанда, медициналық сақтандыру жүйесі тұрақты жүйелердің бірі саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл өте сәтті жүйе болуға тиіс. Егер біз бір жерде дұрыс жасамаған болсақ, бұл одан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Жүйе жақында ғана енгізілді. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі еліміз үшін қажет. Тек оның жұмысын жетілдіре түсуіміз керек», – деді Әлназарова.