Жаңалықтар

Қазақстандықтардың Ресейге көшу көрсеткіші төмендеді

Қазақстандықтардың Ресейге көшу көрсеткіші төмендеді/Фото:kursiv.media

2023 жылы 11,7 мың қазақстандық тұрақты тұратын жері ретінде Ресейге көшіп кеткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 40% – ға аз (7,7 мың адам) болған. Биыл бұл көрсеткіш 24 жыл ішінде ең төменгі деңгейді көрсетіп тұр. Бұл туралы DATA HUB телеграм арнасы мәлімдеді.

Қазақстандықтардың көшу көрсеткішінің азаюы Ресейдің 20 аймағында байқалды. Бұл ретте жалпы динамикаға қатты әсер еткен алты аймақ болды.

Ресейге тұрақты тұруға көшкендер саны азайып бара жатқанда, елімізге келушілер саны артты. 2023 жылы елімізге 11,7 мың адам көшіп келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан екі есе көп. Қоныс аударушылардың көбі Алматы мен Астанаға қоныстанды.

Осылайша, Қазақстанның Ресеймен көші-қон деңгейі іс жүзінде нөлге тең болды. Айта кететіні, бұл жағдай кем дегенде 2000 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Бұған дейін елге келген қазақтардың «Қандас» екенін білу үшін жергілікті органның жанынан комиссия құрылып, геномдық сараптама алынатыны жайлы жазғанбыз. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты.

«Жергілікті атқарушы органның жанынан комиссия құрылады. Оның құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы түрлі профессорлар мен сарапшылар қатысады», – деді Ертаев. 

Ол аталмыш комиссияның «Қандас» мәртебесін беру туралы шешім қабылдайтынын, егер шешім қабылдау қиынға соқса, геномдық сараптама жасалатынын мәлім етті.

«Комиссияның жұмыс функциялары, азаматтармен сұхбаттасу тәртібі, яғни өз ұлтын растай алмайтын адамға қандай сұрақтар қоюға болатыны туралы ережелер әзірленген. Сондай-ақ комиссияда қандай да бір күмән туындаған жағдайда геномдық сараптама жүргізу қарастырылған. Сараптама арқылы азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады»,– деді ол.

Еске сала кетейік, атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады.

 Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады.