Банк пен қаржы

Іссапар мен форумдар: Қазақстан бюджетінің өнімсіз шығыстары қысқартылады

шығысы
Бюджет шығысы қысқартылады. Фото: shutterstock пен freepik

Қазақстан бюджетінің шығысы қайта қаралады. Қазір шығыстарға талдау жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, бюджеттің түрлі форум мен іссапар сынды «өнімсіз» шығыстары қысқартылмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

Журналистер министрден «мемлекеттік шығыстарды Ұлттық қор мен БЖЗҚ-дан бюджетттен тыс қаржыландыру қысқара ма» деп сұрады.

«Үкімет басшысының тапсырмасымен Қаржы министрлігі шығыстарға талдау жасап, ревизия жүргізіп жатыр. Ең алдымен, бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқартамыз», – деді Нұрлан Байбазаров.

Байбазаровтың айтуынша, республикалық бюджет қана емес, жергілікті және квазимемлекеттік мекемелердің өнімсіз шығысы қысқартылмақ,

Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттің шығындарына және жалпы бюджеттің жұмсалу барысына ревизия жүргізуді тапсырған.

Үкімет басшысы жұмыс қарқыны жоғары, ал талап қатаң болатынын айтып, Үкімет алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берген. Атап айтқанда, қаржы-экономикалық сала бойынша бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағыттап, өнімсіз шығыстарды толығымен жоюды тапсырған.

Бектенов Қаржы министрлігіне 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджетке ревизия жүргізуге уақыт берді. Оның айтуынша, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқаруы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек деген болатын.

Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы бюджет түсімі – 20,4 трлн, шығысы 24 трлн теңгені құрайтынын айтқан.

2024 жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тартылады деп жоспарланған. Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Қазіргі Қаржы министрі Мәди Такиев осы 24 млн теңгенің ішінде әлеуметтік салаға кететін шығыстар қозғалмайтынын айтты. Негізінен әкімшілік шығыстар қысқартылады. Бюджет кірісі салық салу базасын кеңейту және ірі салық төлеушілерді бақылаудан артпақ.