Осы жылдың қаңтар айында инфляция 9,5%-ға дейін баяуласа, теңге бағамы 1,4%-ға нығайған. Бұл жайлы ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты.
«Жылдық инфляция 2024 жылдың қаңтарында 9,5%-ға дейін баяулады. 2023 жылдың соңында инфляцияның төмендеуі базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастыруға мүмкіндік берді. Қаңтарда ол 50 б.п. төмендеп, 15,25%-ды құрады», – деді Ұлттық банк өкілі.
Баймағамбетов жылдық инфляцияның бәсеңдеу қарқыны төмендеп келе жатқанын, қаңтар айындағы инфляцияның тарихи орташа деңгейден жоғары болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ жалпы тұрақты инфляциялық фон дезинфляциялық саясатты жалғастыруды талап ететінін айтты. Бұл айда ұлттық валюта да нығая түскен.
«Ағымдағы жылдың қаңтар айында теңге бағамы 1,4%-ға нығайып, бір доллар үшін 448,17 теңгені құрады. Жыл басынан бері теңгеге Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылатын трансферттерді қамтамасыз ету үшін шетел валютасын сату көлемі ұлғайды. Олардың сомасы 1 миллиард доллардан асады. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына резидент еместердің ағыны жыл басынан бері 194 млн АҚШ долларын құрады», – деді Баймағамбетов.
Сонымен бірге Ұлттық қордан сату көлемінің ұлғаюы және олардың теңге бағамындағы ағымдағы жағдайға әсері аясында инвесторлардың БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялауға шетел валютасын белсендірек сатып алу үшін шешім қабылданғаны айтылды. Осыған байланысты ақпан айында БЖЗҚ-да шетел валютасын сатып алу көлемі 200 миллион АҚШ долларынан 400-500 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылған. Бұл орайда банк өкілі Ұлттық Банктің икемді айырбас бағамы режимін сақтайтынын және валюталық интервенциялар жүргізбейтінін ескертті.
Сонымен бірге Ұлттық банктің алтын-валюта резерві биылғы жылдың басынан бері өскен. Өсім көлемі 1,9%-ға жетіп, жалпы 36,7 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткішке Ұлттық Банктегі ЕДБ шоттары бойынша қалдықтардың ұлғаюы әсер еткен.
Ал Ұлттық қордың активтері керісінше, осы жылы қысқарған. Активтер 1%-ға қысқарып, 59,4 млрд долларды құраған.
«Бұл төмендеу «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндеттемелерді есептеуге байланысты болды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында БЖЗҚ бағдарламасының операторы балалардың жалпы санын Әділет министрлігінің деректер базасымен салыстырды. Нәтижесінде барлық балалардың есепшотына 696 миллион доллар аударылды. 2024 жылы кәмелетке толған балалар үшін 30,6 миллион доллар бағдарлама операторының шотына аударылды»,- деді Баймағамбетов.
Инфляция қалай төмендеді?
Еске сала кетсек, 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал наурызда экс-премьер-министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.
Ал 2023 жылы Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша азық-түлік тауарларының бағасы – 9,2%, азық-түлік емес тауарлар – 9,9%, ақылы қызметтер 12% өскен.
Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деген болатын.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында жылдық инфляция төмендеп, алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп мәлімдеген.
Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжады. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Инфляция екі есе төмендейді дегенімен, сарапшылар инфляцияның баяулауы – азық-түліктің арзандауы емес деп тұжырымдайды. Бұған бір себеп – негізінен шикізаттық ел екеніміз болса, екінші себеп – Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырғанымыз.