Жаңалықтар

Demoscope: 40%-ға жуық қазақстандықтар биліктің төтенше жағдай кезіндегі жұмысына көңілі толмайды

Қазақстандықтар биліктің төтенше жағдай кезіндегі жұмысына көңілі толмайды Фото.shutterstocks

Demoscope бюросының мамандары қазақстандықтарға елдің төтенше жағдайға дайындығы бойынша сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға қатысқан респонденттің 39,6%-ы шенеуніктердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Ал 18%-ы билік өзіне жүктелген тапсырманы өте нашар орындап жатқанына сенімді. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірінің (32,9%) биліктің ТЖ-ға дайындығына көңілі толады. Қалған 19% мемлекеттік жүйенің дайындығы жоғары деңгейде деп ойлайды.

Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар ТЖ кезінде тұрғындарды ақпараттандыру сапасына күмәнмен қарайды.

«Азаматтардың 30,3%-ы «ақпарат қолжетімсіз немесе жылдам ақпарат берілмейді» деп санаса, 28,6% «жеткілікті дәрежеде жылдам таратылмайды» дейді. 25,6% тұрғындарға ақпарат тез беріледі деп ойлайды. Тек 9,3% ТЖ кезіндегі ақпарат тарату жүйесін өте жоғары бағалаған», – делінген хабарламада

Сондай-ақ қазақстандықтар жемқорлық пен салғырттық үшін жауапкершілікті арттыру да маңызды деп санайды (47,6%). Оған қоса сауалнамаға жауап берушілер заманауи байланыс және ақпараттандыру жүйесін жасау (35,2%), арнайы қызметтің дайындығы мен халық жиналатын орындарды жабдықтау (29,6%), инфрақұрылымдық, әлеуметтік және тұрғын үй нысандарына мемлекеттік мониториңнің күшеюі (26,8%) керек екенін атап өтті.

Сауалнамаға қатысқандар қандай төтенше жағдайдан қорқатынын айтты.

Қазақстандықтардың басым бөлігі жер сілкінісінен қорқады (41,3%). Жер сілкінісінен ауыл тұрғындарына қарағанда қала тұрғындары қорқады екен (36% және 46%); Сонымен қатар:

эпидемия және пандемия (31,2%);

  • террорлық шабуыл және әскери қақтығыс (27,8%);
  • су тасқыны және су басу (25,4%);
  • өрт (21,4%); құрғақшылық (19,1%);
  • қарлы боран мен дауыл (12,7%;)
  • әртүрлі техногенді апаттар (10,2%).

Тағы 15%-ы ештеңеге алаңдамайтынын айтқан.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Осыдан кейін құны 1,1 млрд теңге болатын дабыл жүйесіне қатысты тергеу басталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке «Әділдік жолы» қорынан Алматыдағы жер сілкінісі кезінде қосылмаған сейсмикалық дабыл жүйесіне қатысты шағым түскен. Ведомство тексеру жұмыстарын бастаған.

Желіде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Алматы қаласының ТЖД-сы Нұрәлі Әлиевтің компаниясынан 1,1 млрд теңгеге жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алған.

Алматы қаласы ТЖД мәліметі бойынша, 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталған. Бұл стансалар ТЖД тапсырысы бойынша салынған.

Алматы қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.