Жаңалықтар

Нью-Йорк соты Дональд Трампқа алаяқтық үшін $355 млн айыппұл салды

Сот Трампқа $355 млн айыппұл салды. Фото: kursiv.media

Нью-Йорк соты АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты алаяқтық ісі бойынша 355 миллион доллар төлеуге міндеттеді.

Нью-Йорк сотының судьясы Артур Энгорон АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты алаяқтық үшін айыпты деп таныды. Экс-президентті 355 миллион доллар айыппұл төлеуге міндеттеді. The Hill басылымының жазуынша, оған Нью-Йорктегі кез келген компания немесе корпорацияда жұмыс істеуге тыйым салған.

Хабарламада Трамптың ұлдарына да айыппұл салынғаны жазылған.

«Оларға көп табыс табу үшін активтердің құнын көтерді деген айып тағылып отыр. Құжаттар мұны қайта-қайта дәлелдейді», – деген Энгорон.

2022 жылы Нью-Йорктің бас прокуроры Летитиа Джеймс Трампты салық және сақтандыру төлемін алу үшін қаржы есебінде таза пайдасын бұрмалады деп айыптап сотқа берді.

The Hill «судья бұндай шешімді Трамп пен сот арасындағы «даулы қарым-қатынас» салдарынан шығарғанын» атап өтті. Қараша айында Трамп куәгер трибунасынан сот пен бас прокурор Джеймсты «алаяқ, саяси хакер» деп айтқан.

Fox News арнасының хабарлауынша, Трамп сот отырысынан кейін журналистерге оның адвокаттары шешімге қарсы шығып, шағым түсіретінін мәлімдеген.

2023 жылдың желтоқсанында Колорадо штатының соты Дональд Трампқа сайлауға қатысуға тыйым салған.

Еске сала кетсек, Дональд Трампқа 4 қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Бірақ Трамп тағылған айыпты мойындамады. Ол 2024 жылы сайлауға түсуіне қолдан кедергі жасалып жатыр деп мәлімдеді.  

Ал 2024 жылдың басында АҚШ Жоғарғы соты Трамптың праймеризге қатысу туралы өтінішін қарайтыны белгілі болды. Reuters басылымының жазуынша, іс мемлекеттік дауыс беруге бір ай қалғанда басталды.