«Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізіледі

Жарияланды (жаңартылды )

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгеріс енгізіледі/Фото: kursiv.media

«Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім хаттамасына өзгеріс енгізіледі. Үкімет қаулысы Ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.

«Қоса беріліп отырған 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын» – деп жазылған үкімет қаулысында.

Хаттамаға Қазақстан үкіметі атынан қол қою өкілеттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге берілген.

Екі ел келісімнің 20-бабын басшылыққа ала отырып, бірнеше бапқа өзгеріс енгізеді. Атап айтқанда, келісімнің 5-бабының бірінші абзацы: «Тараптар орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынағын бастауды 2024 жылы қамтамасыз етеді» деп өзгертіледі. Ал төртінші абзацы: «2027 жылға дейін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағыш зымыранын кемінде 3 рет сынақтан өткізу жүзеге асырылады» деп түзетіледі.

Нақтылай кетейік, бұған дейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин ұсынған негіздемеде хаттамаға қол қою әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің орта класты зымыран тасығышымен ұшу сынағының басталуын 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыруға мүмкіндік беретіні түсіндірілген болатын.

Құжатты оқып отырып, 2028-2039 жылдар аралығында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен «Союз-5» зымыран тасығышын аспан әлеміне жылына 3 рет жөнелту жоспарланғанын түсіндік.

Айтпақшы келісімнің 8-бабында: «келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшаға сәйкес, резидент емес үшін нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы және қосылған құн салығы салынады. Нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдар бойынша қосылған құн салығын қайтару Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығы бойынша нөлдік ставканы қолданатын атқарушы ұйымдар осы келісімнің 7-бабында көрсетілген атқарушы ұйымдардың тізбесінде айқындалуға тиіс», – деп жазылған.

Айта кетейік, хаттамада бірлескен кәсіпорынды «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенін жалға алған және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл өткенге дейін корпоративтік табыс салығын төлеуден босату мәселесі қарастырылған.

Байқоңырды жалдау ақысы қымбаттаған жоқ

Өткен жылы Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланғаны үшін Ресейден алатын жалдау ақысын көтермейтінін жазған болатынбыз.

«Біріншіден, мұны қандай да бір нәрсемен салыстыру өте қиын. Бір ел екінші елден ғарыш айлағын жалға алу бірегей жағдай, мұндай басқа еш елде болмаған. Бағаның қаншалықты әділетті екенін айту үшін оны салыстыратын ештеңе жоқ. Екіншіден, келісім доллармен жасалған. Сондықтан төлемдер ұлттық валютамен жүргізілсе де, ол қазіргі валюта бағамы бойынша төленеді. Бұл да индексацияның бір түрі», – деген сол кезде журналистерге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов

Естеріңізге салайық, 2021 жылы Реседің «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзартылды.

«Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде Ресей Қазақстан бюджетіне 3 млрд доллардан астам ақша төлеген. Бұл – жыл сайын 115 млн доллар деген сөз.

2024 жылғы 3 ақпанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Байқоңыр ғарыш айлағының бір бөлігі Қазақстанға тиесілі болғандықтан, елімізде Ресей бақылауынан тыс жобалар жасау мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын.

«Байқоңырдың бір бөлігі қазір Қазақстанға тиесілі. Оның жұмысына Ресей Федерациясы араласпайды. Бұрын «Зенит» зымыраны ұшқан кешен, қазір Қазақстанға тиесілі және біздің бақылауымызда. Ол жерден қандай зымыран ұшырамыз. Қасында жаңа айлақ құрамыз ба? Оның барлығы толыққанды біздің құқығымыз. Біздің жерімізде, қазақ жерінде не жасайтынымызды Қазақстан өзі шешеді», – деген министр.

Айта кетейік, 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтарға Байқоңыр қаласына кіруге берілетін рұқсат қағазын рәсімдеу тәртібі жеңілдеді. Бұл туралы Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз