«Самұрық-Қазына» қорының 2023 жылы сатып алуға жұмсаған қаражаты 3,69 трлн теңгені құраған. Оның 60 пайызы, яғни 2,1 трлн теңгесі бір көзден сатып алуға жұмсалған. Соның ішінде 722 млрд теңгелік қызметтер мен тауарлар «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясынан алынған. Бұл жайлы «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің сатып алу қызметіне арналған отырысында айтылды.
«Самұрық-Қазына» қорының мәліметінше, сатып алулалардың басым бөлігі, яғни 1,7 триллион теңге тауарларға жұмсалса, 1,2 триллион теңгесі қызметтерге, ал 750 миллиард теңгесі жұмыстарға жұмсалған. Бұл сатып алулардың 79 пайызы отандық өндіріс үлесіне тиген.
Сонымен бірге бір көзден сатып алулардың жалпы көлемінің үштен бірінен астамы (34%) еншілес ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға жұмсалған.
«Самұрық-Қазына» холдингішілік коопеарцияның негізінен локомативтер мен шикі мұнай сатып алуға жұмсалған. Сонымен бірге коммуналдық қызметтерге, табиғи газ жүргізу, сумен қамту сынды қызметтерге 407 млрд теңге жұмсалған, төтенше жағдайлар салдарын жоюға 295 млрд теңге кетсе, 217 млрд теңге қаражат мемлекеттік монополия мен зияткерлік меншік қызметіне пайдаланылған.
Жиында қордың қоғамдық кеңесінің мүшесі Айдар Қазыбаев холдингішілік кооперация қызметінің барлық түрінің шамамен 10%-ын нарықтық жағдайда жүзеге асыруға болатынын айтты. Ол «Самұрық-Қазына» өкілдерінен IT-қызметтері, геологиялық қолдау қызметтері, бизнес-кеңес беру қызметі қазақстандық нарықта осындай қызмет түрін ұсынатын компаниялар бола тұра шетелден сатып алыну себебін сұрады. Осы орайда корпорацияның холдингішілік қызмет түрлерінің тізбесін қайта қарауды, сондай-ақ оны монополияға қарсы органмен (Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі) және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен талқылауды ұсынды.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» қорының құқықтық қамтамасыз ету, қауіпсіздік және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Николай Казутин қордың әлеуметтік функция атқаратынын, сондықтан әрбір тармаққа (санатқа) жеке-жеке қарау керектігін айтты.
«Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр және біз серіктес компаниялармен осы санаттарды қысқарту бойынша келіссөздерді жалғастыруға дайынбыз», – деді Казутин.
Өз кезегінде қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев Айдар Қазыбаевтың пікірін қолдады. Ол «бұл мәселеге нүкте қоюға болмайтынын» айтып, холдингішілік көптеген іс-шараларды нарыққа көшіру қажеттігін атап өтті.
Былтырғы табыс бөлінісі
Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазынаның» былтырғы 1,9 трлн теңге таза табысынан бюджетке тікелей 238 млрд теңге дивиденд төлеген. Одан бөлек, үкімет тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға да қаржы бөлінеді.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры 67 млрд теңге немесе таза пайданың 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына бөлген. Қоғамдық қор шешіміне сәйкес, бұл қаражат қатерлі ісік пен сирек кездесетін аурулармен күресуге жұмсалады.
Жыл аяғында Ұлттық экономика министрлігі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен «Бәйтерек» холдингіне сыртқы борыштың шекті көлемін бекітуді жоспарлар отырғаны айтылды.
Жоспар бойынша 2024 жылы «Самұрық-Қазынаның» сыртқы борышы шекті 12,5 млрд доллардан, ал «Бәйтерек» сыртқы борышы шекті 5 млрд доллардан аспауы қажет. Доллар курсы 460 теңге деп бекітілген.