Applied Economics Research Centre (AERC) Қазақстандағы инфляцияға қатысты болжамын жақсартқан. Алайда орталық сарапшылары 2024 жылдың сәуірінен бастап инфляцияның төмендеу қарқыны баяулауы мүмкін деп тұжырымдайды.
2024 жылдың қаңтарында Қазақстандағы жылдық инфляция 9,5 пайызды құраған. Алайда қаңтарда бағаның ай сайынғы өсімі жоғары болып, 0,8% деңгейінде қалыптасқан.
AERC қаңтарда нақты инфляцияның төмендеуіне байланысты ақпан айындағы бұрынғы инфляция болжамын аздап төмендетті. Сарапшылар ақпан айында жылдық инфляция 9,04% деңгейінде, айлық инфляция 0,82%-да қалыптасуы мүмкін деп болжайды.
Ал наурыз айында жылдық инфляция 8,96%, айлық инфляция 0,82%-ды құрауы мүмкін. Сарапшылар сәуір айында жылдық мәндегі инфляция көртсеткіші өзгермесе, айлық мәндегі көрсеткіші үдей түседі деп тұжырымайды.
Яғни, AERC мамандары сәуір айынан жылдық инфляцияның баяулауы 2023 жылғы жоғары базалық әсердің сарқылуына байланысты тоқтауы мүмкін деп есептейді. Ал одан кейінгі үрдіс ішкі және сыртқы факторлардың тепе-теңдігіне байланысты болмақ.
Ұлттық банк мәліметінше, қаңтар айында инфляция 9,5%-ға баяулап, теңге нығая түскен.
ҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов сол кезде жылдық инфляцияның бәсеңдеу қарқыны төмендеп келе жатқанын атап өтті. Өткен айда инфляция тарихи орташа деңгейден жоғары болған. Баймағамбетов Қазақстан үшін инфляцияның ең оңтайлы деңгейі 5-7 пайызды құрайды деп тұжырымдайды.
Регулятор болжамы бойынша, биыл инфляция 7,5-9,5% шегінде қалыптаспақ. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталған. Ал 2026 жылы инфляция таргетке жақындап, 5-6% шегінде қалыптасуы ықтимал.
Еуразиялық экономикалық даму банкінің де болжамы жағымды. Қаржы ұйымы 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5%-ға көтеріліп, инфляция 7,1%-ға дейін төмендейді деп тұжырымдайды.