2024 жылы Астана қаласында жетім балаларға 183 пәтер беру жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбектің Сарыарқа ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды.
Әкіммен кездесу кезінде Сарыарқа ауданының тұрғыны елордада жетім балаларға бір жылда 35 пәтер ғана берілетінін айтып, көмекті күшейту туралы сөз қозғаған еді.
«Бізге жетім балаларды қолдау мәселесін қарастыру қажет. Олар балалар үйінен бір пакет киімін көтеріп, үлкен өмірге аяқ басады да, ешкімге керексіз болып қалады. Сондықтан оларға бірінші кезекте психологиялық қолдау керек. Кейбіріне наркологиялық көмек қажет. Қазір елордада жетім балаларға жылына 35 пәтер беріледі. Бұл өте аз емес пе?»,– деді Астана қаласының тұрғыны.
Әкімдік өкілдері жалпы мемлекеттен тегін берілетін үйдің белгілі бір пайызы ғана жетім балаларға деп бөлінетінін айтты. Былтыр елордада жетім балаларға 35 тұрғын үй берілген. Ал биыл оларға берілетін тұрғын үй санын 183-ке дейін көбейту жоспарланған.
«Астанада жыл сайын кәмелеттік жасқа толып, балалар үйінен шығатын азаматтар саны шамамен 50 адам. Алайда Қазақстан бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілері, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін Астанаға көшіп келіп, қаладағы тұрғын үй кезегіне тұрады. Бұл олардың құқығы», – деді Жеңіс Қасымбек.
Бұған қоса, қала әкімі әлеуметтік осал топтың өзге өкілдеріне қарағанда жетім балалардың тұрғын үй кезегі жылдам жылжитынын атап өтті.
Тұрғын үй кезегі
Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау бойынша арнайы әзірленген заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған. 2021 жылғы 31 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген заң жобасы реттеліп жатқанымен, баспанамен қамту қарқыны сол қалпы баяу.
Тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты баяндама оқыған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға қатысты мәліметтерге тоқталып, кезекте тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы тізімнен шығарылатынын мәлімдеген. Оның айтуынша, 96,1 мың адамда соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған, 533 адамның азаматтығы жоқ, 91,4 мың адамның тіркеу орны кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың адамда мүлде тіркеу жоқ, ал 15,6 мың адам кезегіне жетпей қайтыс болып кеткен.
«Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 кезекте тұрған адам кезектен шығарылды»,– деді министр.
Министрдің бұл мәлімдемесіне депутат Елнұр Бейсембаев өз уәжін айтты.
«Бұл Заң жобасын сіздің алдыңызда бұрынғы министр Өскенбаев таныстырған. Сіз бүгін дәл сол екі жарым жыл бұрынғы репликаны қайталап тұрсыз. Ол да сол кезде 240 мың кезекте тұрған адамды тазалаймыз деген болатын. Олардың бәрін бұлай тазалай салу мүмкін емес. Өйткені мен осыған дейін тұрғын үй басқармасында жұмыс істеп көрген адаммын және кезекте тұрған азаматтардың кезекте тұруға заңды құқының бар екенін білем»,– деді ол.
Депутат министр азайтуға тырысып жатқан тізімнің жыл сайын өсіп жатқанын, үймен қамтылған отбасылар санының мардымсыз екенін, бұл салаға қаражат өте аз бөлінетінін айтты.
«Осы 3 жылға жуық уақытта кезекке тұрған адамдардың саны 480 мыңнан 640 мыңға өскен. Шамамен 200 мың адамға артып отыр. Бүтіндей бір облыстың халқына тең. Бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, жыл санап өсіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда кезекте тұрғандар саны 1 миллионнан асып жығылатын түрі бар. Ал мемлекет жыл сайын небәрі 9-10 мың ғана пәтер береді. Оған соншалықты көп қаражат бөлінбейді.
Оған қоса, бүгінгі таңда елімізде бірде-бір мемлекеттік ипотекалық бағдарлама жоқ. Иә, заң жобасын жақсарттық делік, бірақ кезекте тұрған адамдардың мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Менің ойымша, мұндай тәсілмен шешіле қоюы екіталай. Сіз осы мәселені қалай шешуді ұсынасыз? Біз тұрғын үй саласына республикалық бюджет есебінен қаражат бөлу мәселесін қарастыра аламыз ба? Мүмкін жемқорлардан түскен қаражатқа әлеуметтік тұрғын үй салу керек шығар»,– деді депутат.
Еске сала кетсек, аталмыш заң жобасына сәйкес «Отбасы банк» ұлттық даму институты болып қайта құрылуы мүмкін. Ондай жағдайда тұрғын үйге есепке қою, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдар емес, «Отбасы банк» атқаратын болады.
Бірақ депутат Отбасы банкке толықтай әкімдік функцияларын беріп тастауға қарсы. Банк қызметкерлері мемлекеттік қызметкерлер секілді құзыретті еместігін, халық ол жерге басқа да мұң-мұқтаждарымен жүгінетінін айтты. Бірақ жемқорлық тәуекелдерін азайтуға Отбасы банкке кейбір функцияларды берген жөн деп санайды.