Жаңалықтар

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті / / facebook: Қуандық Бишімбаев

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралады. Бұл туралы сот кабинетіндегі ақпараттан белгілі болды.

Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істе сотталушылардың қатарында министрден бөлек, Бақытжан Байжановтың аты жазылған. Ол Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенова қайтыс болған елордадағы Bau гастроорталық орналасқан ғимараттың иесі.

«Күдікті Қ.Бишімбаевқа ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған», – делінген сот хабарламасында.

Ал күдікті Байжановқа ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

«ҚПК-нің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені бес тәуліктен кешіктірмей шешеді»,– делінген хабарламада.

Бишімбаев ісі

9 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адамның қамалғаны, оның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екені хабарланды.

10 қарашада экс-министрдің жұбайы Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында қайтыс болғаны белгілі болды. 

Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды

Бақытжан Байжанов ісі

Ал «Гастро-орталықтың» басшысының үстінен 13 қараша күні екі бап бойынша іс қозғалып, екі айға қамауға алынды. Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша директордың үстінен 434- бап бойынша, яғни қылмыс туралы хабарламау және сол баптың 119- тармағы, 3-бөлігі бойынша қауіпті жағдайда қалдыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетсек, бұл орталықтың құрылтайшыларының бірі – Бишімбаевтың анасы Алмира Нұрлыбекова. 

Бұл гастро-орталыққа «EZY PARK» ЖШС иелік етеді. Kompra деректерінде бұл компанияның жалға берумен және жалға берілетін мүлікті пайдаланумен айналысатыны жазылған.

Бұл ғимаратқа иелік ететін ЖШС 2019 жылы тіркелген. Ал компанияның салық төлеу мерзімі 2020 жылдан басталған. Атап айтқанда, компанияның салық түсімі 2020 жылы – 1,1 млн теңгені құраса, 2021 жылы – 6,5 млн теңге болған. Ал 2022 жылы – 13,6 млн теңге, 2023 жылы – 31,5 млн теңге болған. Egov деректерінде ЖШС-нің бірінші жетекшісі – Бақытжан Байжанов деп көрсетілген.

Компанияның бес құрылтайшысы бар. Олар – Сержан Мадиев, «Documentolog» ЖШС атқарушы директорының қаржы жөніндегі орынбасары, Қаныш Төлеушин, Инновация және аэроғарыш өнеркәсіп вице-министрі, Тасболат Абдуллин, 2019 жылға дейін «BI GROUP DEVELOPMENT» даму жөніндегі төрағасының орынбасары қызметін атқарған, сонымен бірге Әли Оспанов деген азамат. Ал бесінші құрылтайшы Бишімбаевтың анасы – Альмира Нұрлыбекова.