Қазақстанда ұлттық телерадиоарналар арқылы зиянды тағамдарды жарнамалау уақытын қысқарту жоспарланып отыр

Жарияланды
Минздрав планирует сократить время рекламы вредной еды в Казахстане
Министрлік Қазақстанда зиянды тағамдарды жарнамалау уақытын қысқартуды жоспарлап отыр / shutterstock

Қазақстанда «зиянды тағамдарды» жарнамалау уақытын қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі мен Мәдениет министрлігі бірлесе шешеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. 

Мәселе қаңтар айында Сенат депутаттарының Үкіметке жолдаған сауалында көтерілген еді. Онда «Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен. Зиянды тағамдар жарнамасын көбейту – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Сондықтан бұған барынша шектеу қою, қажет жерінде тыйым да салу керек» деген ұсыныс айтылды. 

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттар сауалынаа жауап беріпті. Ол балаларға арналған зиянды тағамдарды жарнамалау туралы мәселе бойынша екі министрлік жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Денсаулық сақтау және Мәдениет-ақпарат министрліктері Ұлттық телерадиоарналарда балаларға зиянды тауарларды жарнамалау бойынша уақытша шектеулер енгізу мәселесін пысықтауда»,– деді ол.

Сонымен қатар ол зиянды өнімдерді: энергетикалық сусындар, чипс өнімдерін, фаст-фудты елге әкелу сатысында бақыланатынын атап өтті.

«2023 жылы Азық-түлік тауарларының 3194 партиясы тексерілді. 120 тоннадан астам сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін әкелу тоқтатылды. Жалпы республика бойынша 153 тоннадан астам азық-түлік өнімдері мен шикізат сатудан алынды. Оның ішінде басқа елдерден әкелінген 127 тоннадан астам, отандық өндіріс 26 тоннадан астам өнімдер бар», – деді Дүйсенова.

Қанты көп сусындарға акциз

Осыған дейін 22 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты көп сусындарға акциз салу ұсынысынан бас тартпайтыны белгілі болған. Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл талапты Денсаулық министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Соның негізінде көптеген елдерде құрамында қант көп сусындарға акциз енгізіліп жатыр екен.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы

Айта кетейік, 2021 жылдың қазан айында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы мақұлданған. Жоба 2023 жылдан құрамында қанты көп сусындарға 20% мөлшерінде акциз енгізуді, 2024 жылы – 35%, 2025 жылы 45% дейін арттыруды қамтыған. Бұл бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі көтерген болатын. Министрлік қант қосылған сусындарды көп ішу жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, семіздік пен басқа да ауыр дертке шалдықтыратын алға тартты.

Ал тәтті сусын өндірушілер ұлт денсаулығы үшін күрестегі бұл тәсілмен келіспеген. Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы «акциз енгізу орта және шағын кәсіпорындардың жабылуы, жұмыс орындары мен салықтың қысқаруына әкеледі» деп мәлімдеді.

Алайда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы былтыр басқа да 9 жобамен бірге тоқтатылған. Депутат Жанна Асанова бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтан себебін сұраған болатын. Премьер-министр бұдан былай тек нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бекітіледі деп жауап берген. 

Ұлттық жоба жоқ болғанымен, оның көтерген мәселесі жойылмады. Денсаумин құрамында қанты көп сусындарға акциз салу мәселесі күн тәртібінде тұр деп тұжырымдайды. 

Бұған дейін Қазақстанда вейптерді әкелу, тарату және сатуға тыйым салатын заң жобасы мақұлданды. 

Сондай-ақ оқыңыз