Freedom Finance ресейлік «Мир» карталарымен операциялар жүргізуді тоқтатты
Қазақстандық Freedom Finance банкі ресейлік «Мир» карталарымен операциялар жүргізуді тоқтатты. Бұл туралы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары клиенттерге сілтеме жасап хабарлады.
Бұған АҚШ-тың жүйеге қарсы санкция салуы себеп болуы мүмкін.
Әзірге қаржы ұйымы бұған қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
23 ақпанда «Мир» төлем жүйесі АҚШ санкциясына ұшырады. Жүйелік оператор NSPC санкциялар жүйенің Ресейдегі жұмысына әсер етпейтінін айтты.
Сарапшылар «Мир» карталары негізінен ТМД елдерінде жұмыс істейтінін атап өтті. Сондықтан жүйе бұл елдерде жұмысын толықтай тоқтатпауы керек.
Өткен жылдың соңында АҚШ президенті Джо Байден Ресейге қарсы салынған санкцияларды айналып өтуге көмектесетін компанияларды, соның ішінде қайталама санкциялар енгізуді қарастыратын жарлыққа қол қойды.
Бұған дейін Bloomberg басылымы Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкциялары айтарлықтай тиімді емес. Ресей Федерациясы оларды үшінші елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы делдалдар көмегімен айналып өтуде деп айыптады.
«Ресей санкция салынған технологиялар мен қару-жарақ өндіру үшін қолданылатын тауарларды тікелей Еуропадан алуды жалғастыруда. Тек 2023 жылдың алғашқы үш тоқсанында Ресей Федерациясына Еуропалық Одақ елдерінен 450 миллион еуроға осындай тауарлар жеткізілді», – деп жазды халықаралық басылым.
Шектеу шеңберіндегі тауарлардың төрттен бір бөлігі Ресейге тікелей Еуропадан тасымалданады. Қалған бөлігі Ресейге сауда шектеулеріне қарамастан астыртын үшінші елдер арқылы жолданады. Басылым меңзеп отырған елдер қатарында Қазақстан да бар.
Сонымен қатар басылым Түркия, БАӘ, Сербия және Қытай ЕО-ның санкцияларын айналып өтуге қатысқан елдер қатарында бар деп айыптады.
Bloomberg дерегінше, бұл сауданың көп бөлігі ЕО-дан тыс шағын компаниялардың желілері арқылы өтеді. Олардың басым бөлігі Қытайда тіркелген. Жабдықтарды қадағалау қиын, өйткені оларды жеткізушілер мен сатушылар көп.
Бұған дейін ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 13-ші пакетін жариялады. Ол тізімде қазақстандық «Elem Group LLP» компаниясы бар. Қазақстандық кәсіпкерлер санкция салынған елге тауар жеткізген деп айыпталып отыр.
Былтыр Сыртқы істер министрлігі Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайтынын мәлімдеген.
Естеріңізге сала кетейік, Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.
Былтыр Қазақстанда ресейлік «Мир» төлем жүйесінің пластикалық карталарына сұраныс артқан.
Осыған байланысты Қазақстандағы ВТБ банк ресейлік төлем жүйесінің пластикалық картасын шығара бастады.
Негізінен банк «Мир» цифрлық төлем жүйесін 2022 жылы желтоқсан айында қосқан.