Қазақстандықтар тауар сатып алуға ең көп тапсырыс беруге ресейлік Wildberries, қазақстандық Kaspi мен қытайлық AliExpress сынды маркетплейстерді таңдайды. Бұл туралы Қазақстандағы электрондық коммерция нарығын зерттеген Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Абуев айтты.
Зерттеуге сүйенсек, Қазақстандағы ең танымал интернет-алаңдар Wildberries (қазақстандықтардың 59,1% қосымшаны қолданады – ред.) және Kaspi интернет-дүкені (қазақстандықтардың 54,8% қосымшаны қолданады – ред.) соңғы 12 айда абсолютті көшбасшыға айналған. Бұдан бөлек, танымал сервистер қатарында AliExpress (30,9%), Ozon (29,9%), Flip.kz (16,7%), Kaspi Travel (16,5%), PinDuoDuo (12,4%), Ticketon (12%) бар.
Ресейлік Wildberries-тен қазақстандықтар киім мен аяқ киім, азық-түлік, аксессуарлар, тоқыма және балаларға арналған киімдерді, тұрмыстық тауарлар, дәрі-дәрмек, ойыншықтар мен косметика және парфюмерия тауарларын алады.
Ал тұрмыстық техника, гаджеттер, смартфондар, планшеттер, электроника, ас үйге арналған техника, компьютерлерді Kaspi интернет-дүкенінен тапсырыс беріп алады. Kaspi-дің тағы бір сервисі Kaspi Travel көлік билеттерін алуда көш бастаса, Freedom Holding Corp.-қа кіретін Ticketon сервисі іс-шараларға арналған билеттер сатуда алғашқы орынды алған.
Ал қытайлық PinDuoDuo қосымшасы тауарлар ассортименті мен бағасының арзан болуы есебінен тұтынушылардан оң баға алған. Салыстырмалы түрде ресейлік Wildberries тауарлар бағасы жағынан 4,3 балл алса, қытайлық сервис 4,8 балл алған.
Зерттеуге қатысқан респонденттердің көп бөлігі онлайн сатылымның артықшылығы ретінде, олардың бағасының қолайлы, ассортименттің көп, қосымшалардың ыңғайлы болуын атаса, кемшілік ретінде жеткізуге ұзақ уақыттың кетуі, тауардың зақымдалуы, тауарды ауыстыру немесе қайтару мүмкіндігінің болмауын атаған.
Қазақстандықтар көбіне азық-түлік және алкоголь тауарларын онлайн сатып алмайды. Бұған қоса, сатып алудан бас тартатын тауарлар қатарында дәрі-дәрмектер, ірі тұрмыстық техника, компьютерлер, құрылыс заттары мен автокөлік тауарлары бар.
Қазақстандағы электронды сауда нарығы
Айта кетейік осыған дейін Қазақстандағы электрондық сауда нарығының 50%-дан астам үлесін «Kaspi» мен «Wildberries» алып отырғанын жазған едік.
Электрондық сауда алаңдарының қызметі «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңмен (бұдан әрі – Заң) реттеледі.
Заңның 1-бабының 58-тармақшасына сәйкес Электрондық алаң – бұл саудаға қатысушыларды инфрақұрылыммен, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, олардың арасында жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ететін интернет-ресурс.
«Тексеріс нәтижесіне сәйкес зерттелетін қызметтер нарығы дамымаған әрі бәсекелестікпен жоғары шоғырланған», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Нарық субъектілерінің құрамына Қазақстан Республикасында орналасқан бөлшек саудагерлерге ақылы қызмет көрсететін 9 электрондық алаң кірді.