2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары былтырғы көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген межеден асып түсті деп тұжырымдайды.
2023 жылдың қыркүйегіндегі жолдауында Президент банктерге экономикаға берілетін несиені арттыруды тапсырды. Сонда «нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет» деген. ҚҚҚ сарапшылары былтыр банк секторы берген 16 трлн теңге несие (22%) жоспарлы көрсеткіштен асып түскенін айтады.
Ел экономкасының кейінгі 10 жылдағы қарқынды өсімі несиеге деген сұранысты арттырды. Дегенмен кәсіпорындарға берілген несие динамикасы біркелкі емес. Несиенің тең жартысын шағын кәсіпкерлер алған. Ал орта бизнеске берілген қарыз 8 пайыз өссе, ірі кәсіпорындарға тиесілі өсім 4%-ды құраған.
Экономика салалары бойынша қарастырса, несие өсімінің 70%-ы тек үш секторға тиесілі: өнеркәсіп (+38% немесе ₸1,1 трлн), сауда (+10% немесе ₸0,68 трлн) және құрылыс (+24% немесе ₸0,17 трлн). Осы үш сектор 2023 жылы экономикалық өсімді жеделдетуге ең үлкен үлес қосқан. Яғни берілетін кредит көлемі экономикалық өсімге тәуелді болып тұр.
Бұл ретте 2023 жылдың ортасына дейін берілген несие біршама қымбаттап, пайыздық үстемақысы жоғары болған. Ұлттық банк тамыз айында ақша-несие саясатын жеңілдете бастағаннан кейін, сәл төмендей бастаған.