Жаңалықтар

Инфляцияны жаба алмады: Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақының айлық кірістілігі 0,61%-ды құрады

басқаруындағы
Зейнетақының табыстылығы бойынша Centras Securities көш бастап тұр. Коллаж kursiv.media

Қаңтар айында Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген зейнетақы активтерінің кірістілігі 0,61%-ды құраған. Ұлттық банк көрсеткіші жеке басқарушы компаниялармен салыстырғанда біршама жоғары. Айлық инвесттабыс бойынша Centras Securities көш бастап тұр – 0,98%. Тек Centras Securities-тің инвесттабысы қаңтардағы айлық инфляциядан (0,8%) сәл асқан.

БЖЗҚ мәліметінше, Ұлттық банктің басқаруындағы 18 трлн теңге зейнетақы активіне қаңтар айында 112,6 млрд теңге инвесттабыс есептелген. Айлық кірістілігі 0,61%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 70% немесе 46,4 млрд теңгеге артық.

Қазақстандықтар ИПБ басқаруына жалпы  34,3 млрд теңге зейнетақы активін берген. Centras Securities басқаруындағы 1,1 млрд теңге активтің қаңтардағы кірістілігі 0,98% құрап, 11,05 млн теңге инвесттабыс есептелген.

Ал 20,2 млрд теңгені басқаратын Halyk Finance қызметі 0,66% кіріс әкеліп,  124,2 млн теңге табыс тапқан.

Jusan Invest компаниясының басқаруындағы активтердің кірісі 0,38% -ды құраған. 6,3 млрд теңге зейнетақы активіне 26,5 млн теңге инветтабыс келіпті. Halyk Global Markets инвестициялық қызметтің нәтижесінде 12,5 млн теңге табыс алып, кірістілігі – 0,35% құраған.

3,5 млрд теңгені басқаратын BCC Invest-тің айлық кірістілігі – 0,29%. 11,1 млн теңге инвесттабыс есептелген.

Бұған дейін БЖЗҚ мен жеке басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін инвестициялық басқару нәтижесін ұсынған. Ұлттық банктің басқаруындағы активтерге қатысты жылдық мәндегі табысы жарияланса, жеке басқарушы компаниялардың айлық қызметінің көрсеткіштері көрсетілген болатын. Ал жылдық мәндегі кірістілік пен айлық көрсеткішті салыстыру қиын еді. Енді айлық мәндегі кірістілік деректері негізінде зейнетақы активтерін басқарушылардың қызмет нәтижесін салыстыруға болады.

2023 жылы жеке басқарушы компаниялардың табыстылығы Ұлттық банктен асып түскен болатын. Былтыр Halyk Finance көш бастап, оның басқаруындағы активтердің кірістілігі 17,2% құраған. Ал инфляцияны есепке ала отырып, түзетілген табыс деңгейі 7,4 пайыз болды.