Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне реформа қажет – Ұлттық банк төрағасы

Жарияланды
Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне реформа қажет – Ұлттық банк төрағасы / shutterstock

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне реформа қажет екенін айтты. Бұл туралы ол базалық мөлшерлемені өзгерту туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Біздің зейнетақы жүйесіне реформа керек деп ойлаймын. Қазіргі жүйе бүгінгі уақыт талабына сай болғанымен, Ұлттық банк пен Еңбек министрлігінің зерттеулеріне сай, жүйеге реформа жасау керек. Себебі қазіргі жүйе болашақ зейнеткерлерге төлемдерін алдын ала алуға мүмкіндік бермейді. Жедел реформа емес, біртіндеп өзгерткен жөн», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменов, сондай-ақ, болашақта «Ұлттық қордан – балаларға» жобасына ұқсас зейнетақы төлеу үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану туралы ұсынысқа жауап берді.

«Бұл жерде абай болу керек. Ұлттық қор – әл-ауқат қоры, ол ең алдымен экономиканы сақтандыру үшін құрылған. Қазір экономикаға соққылар артып келеді. Біз Ұлттық қордан мемлекеттік жүйеге неғұрлым аз қаржы алсақ, соғұрлым жақсы», – деді Сүлейменов.

Ол Еңбек министрлігімен және қаржыгерлермен кеңесе отырып, зейнетақы жүйесі тиімділігін арттыруды жөн көретінін айтты.

Сенімгерлік басқаруға беру 

2021 жылғы қаңтардан бастап заңнамаға сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруғаберуге құқылы.

Ұлттық Банк пен ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиясына ие және инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Осылайша, ИПБ зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қандай қаржы құралдарын пайдаланатындары жайлы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес рұқсат етілген тізбе шеңберінде өздері айқындайды. Бұл экономиканың түрлі салаларындағы, Қазақстандағы және шетелдегі түрлі валюталардағы қаржы құралдары болуы мүмкін.  

Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен ел азаматтарына зейнетақы жинағындағы соманың 50%-на дейінгі бөлігін жеке компаниялардың басқаруына беруіне рұқсат етілді. 

БЖЗҚ активтері

2023 жылы БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 1,6 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық. Былтыр жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің табыстылығы Ұлттық банк басқаруындағы активтердікінен асып түскен.

Былтыр салымшылардың шоттарына шамамен 2,2 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түскен. 

«Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуіне салымшылардың зейнетақы жарналары есебінен ғана емес, сонымен қатар 2023 жылы шамамен 1,6 трлн теңгені құраған таза инвестициялық кірістің арқасында қол жеткізілді. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық», – делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 26,8 млрд теңге берілген.

Ұлттық банк 

Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтерінің жылдық кірістілігі 10,1 пайызды құраған. 2023 жылы жылдық инфляция деңгейі 9,8 пайызды құрағанын ескерсек, таза табыс деңгейі 0,31 пайызды құрайды. 

«2023 жыл үшін салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 9,80% болғанда 10,11% құрады», – делінген активтерді ивестициялық басқару бойынша ақпаратта.

Сондай-ақ оқыңыз