ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джунмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады.
Салтанат Томпиева жағымды жаңалығымен бөлісті. Оның айтуынша, 2025 жылдың бірінші жартысында екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Қазақстандық әуе компаниялар осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Ямада Джун өз кезегінде бұл мәселеде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Әуе қатынасы экономикалық, іскерлік және мәдени ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды.
Тұрақты рейс ашу мәселесі 2016 жылдан бері талқыланып келеді
Қос ел арасында тұрақты әуе қатынасын ұйымдастыру үшін қажетті құқықтық негіздемелерді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті 2016 жылы қалыптастырған. Яғни Қазақстан мен Жапонияның әуе акомпаниялары әр тараптан еш шектеусіз аптасына 14 рет тұрақты рейстерді орындай алатын.
Қазақстандық әуе тасымалдаушыларға арналған бағыттар – Токио, Осака, Нагоя қалалары. Жапондық әуе компаниялары үшін – Астана, Алматы және Қарағанды қалалары белгіленген.
2019 жылы қазақстандық әуе компаниялармен бірігіп, Жапонияға тікелей тұрақты рейс ашу бойынша жұмыстар жүргізілді. Алайда пандемияға байланысты бұл жұмыстар аяқталмай қалды.
Бұл жұмыстар былтыр қайта қолға алынды
Қазақстанның 13 қаласында орналасқан әуе жайларға шетелдік әуекомпаниялар шектеусіз ұшатын болады. Бұл қалалар енді «ашық аспан» режимін қолданады, оларға 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігі» берілді. Ол саладағы бәсекенің артуына, әуе билетінің арзандауы мен ұшу географиясының ұлғаюына ықпал етпек. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Көлік министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп «ашық аспан» режимін одан әрі жетілдіріп жатыр.
Көлік министрлігі «ашық аспан» режимін енгізу туралы бұйрыққа өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, бұрын-соңды қолданыста болған шектеулер алынып, шетелдік әуе компанияларына 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігін» пайдалану құқығы берілді.
Қазақстанда Батыс елдерімен салыстырғанда Қазақстанның ішкі рейстері қымбат саналады екен. Бұл мәселе АМАNАТ партиясының күн тәртібінде қаралған болатын. Сарапшылар бұл мәселені шешудің жолы ретінде басқа авиакомпанияларға елде ұшуға мүмкіндік беруді ұсынған еді.