Жаңалықтар

Алматы – Куала-Лумпур тікелей рейсі ашылады

Куала-Лумпур
Куала-Лумпур мен Алматы арасындағы тікелей рейс қалаға келетін туристер санының артуына жол ашады / Фото: kursiv.media

Алматы-Куала-Лумпур тікелей рейсі 2024 жылдың наурыз айында ашылады. Бұл туралы Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова айтты.

«Алматыда шетелдік туристер ағынының деңгейіне қолданыстағы әуе қатынасының саны қатты әсер етеді. Бүгінде мегаполис әлемнің 82 елімен 42 тікелей бағыт пен визасыз режим арқылы байланысқан. Ал наурызда Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе қатынасы ашылады», – деді Ғалия Тоқсейітова.

Сондай-ақ басқарма басшысы елге келетін туристердің санын арттыруға Алматы халықаралық әуежайындағы жаңа терминалдың іске қосылуы оң әсер ететінін айтқан. Нәтижесінде әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін өседі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде шетелдік туристер санын 520 мың адамға жетуіне жол ашады.

Малайзияға бару үшін қандай құжаттар керек?

Тікелей рейс ашылған соң қазақстандықтар Малайзияға визасыз кіре алады. Бұл елде Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүруге болады. Бұл жайлы қазақстандықтардың Малайзияға кіру ережелерінде жазылған.

Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі әзірлеген нұсқаулықта саяхатқа шығарда келесі шарттарға назар аудару ұсынылған:

  • Паспорттың нақты мерзімі (шекарадан өткен сәтте 6 айдан кем емес);
  • Паспорттың бос беттері екі парақшадан кем емес болуы керек.

Ал паспорттық бақылау өткен кезде паспорт пен «MDAC» электронды көші-қон картасы сұралады. Бұл карта Малайзияға кіруге дейін ең көбі 3 күн бұрын немесе әуежайға келгеннен кейін осы сілтеме арқылы толтырылады. Бұл құжат Малайзияда тұрақты тұруға рұқсаты бар қазақстандықтардан талап етілмейді.

Қазақстан шекарасын өткен соң, Малайзияның көші-қон қызметі келесі құжаттарды талап етуі мүмкін:

  • Қайту билеті;
  • Қонақүйдің броні;
  • Малайзияда болуға жеткілікті қаражаттының болуы.

Малайзияға оқу курстарына баратын азаматтар студенттік виза алуы қажет. Оны рәсімдеумен оқу орны айналысады.

Жалпы осы жылы Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылып, үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артқан. «Курсив» 2024 жылы қазақстандықтар визасыз саяттай алатын елдер жайлы жазған болатын.