Жаңалықтар

Экология министрлігі Президенттің 5 жылда 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасын орындап үлгермеген

орман
Ағаш егу бойынша жылдық жоспар 73 пайызға ғана орындалған / Фото: shutterstock

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі президенттің 5 жылда 2 млрд ағаш егу туралы тапсырмасын орындап үлгермеген. Бұл жайлы министрліктің кеңейтілген алқа отырысы барысында вице-министр Нұркен Шарбиев айтты.

Министрліктің хабарлауынша тиісті жұмыстар Ақмола (83%), Ақтөбе(66%), Павлодар (5%), Қарағанды (12%), Қостанай (45%), Қызылорда (82%) және Солтүстік Қазақстан (77%) облыстары, сондай-ақ «Семей орманы» (47%), «Бурабай» МҰТП (42%) және «Жасыл Аймақ» РМК (76%) кәсіпорындарында лайықты деңгейде жүргізілмеген.

Өткен жылғы жоспарларды орындамауға 2021 жылы қаржыландырудың жеткіліксіздігінен орман тұқымдарын жинау және отырғызу материалын өсіру бойынша жұмыстардың дұрыс жүргізілмегені себеп болған. Өз кезегінде 2021 жылғы жоспардың орындалмауы өткен жылы ағаш отырғызуға қажетті материалдармен қамтылу деңгейіне әсер еткен. Нәтижесінде бұл жағдай биылғы және келесі жылғы жоспарлардың уақытылы орындалуына да кедергі келтіретінін айтады Шарбиев.

2024 және 2025 жылдары орман отырғызу жұмыстарын орындау үшін 712 млн дана көшет қажет. 2023 жылы жоспардың орындалмауын ескере отырып, Сексеуіл егуді есептемегенде осындай көлемде ағаш отырғызылуы тиіс. Ал орман шаруашылықтары өз питомниктерінде ең көп дегенде 242 миллион дана көшет отырғыза алады екен. Бұл қажетті мөлшердің 34%-ы ғана.

Жалпы алғанда Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша өткен жылы 340 млн дана көшет отырғызылған. Бұл көлем жылдық жоспардың 73%-ын құрайды.

Президент тапсырмасы

Естеріңізде болса, 2020 жылғы жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған. Осыған орай әкімдіктер орман қорын көбейту және орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларын бекіткен. Оған сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланған.

Жоспар бойынша  1,5 млрд-тан астам ағаш жергілікті атқарушы органдардың күшімен егілуге тиіс болған. Ал 251 млн ағаш министрліктің ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында егіледі деп жоспарланған. Сондай-ақ табиғат пайдаланушылар мен өзге де бастамашыл топтармен 210 млн дана ағаш отырғызатыны айтылған.  

2021 жылы осы жоспарды орындау үшін 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден 7,4 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 422 бірлік техника мен жабдық сатып алынған. Бірақ бұл қаражат вице-министрдің айтуынша жеткіліксіз болып шыққан.

Сонымен бірге сол кезде республикада 2649 гектар алаңда 218 орман питомнигі жұмыс істеген. Кейін қолданыстағы питомниктерді 325 га кеңейту және 282 га алаңда жаңа орман питомниктерін құру жоспарланған. Оларды толықтай іске қосу жоспарланған жұмыс көлемінің орындалуын қамтамасыз етілетіні айтылған. Алайда ол да ойдағыдай жүзеге аспаған сыңайлы.