Армения Ресей қару-жарағы мен әскери техникасына деген тәуелділігін 10 пайызға дейін төмендеткен

Жарияланды (жаңартылды )
әскери тәуелділігін
Армения Ресейге әскери тәуелділігін 96 пайыздан 10 пайызға дейін төмендеткен / Фото: shutterstock

Армения 2021 жылдан бері Ресей қару-жарағы мен әскери техникасына деген тәуелділігін 10 пайызға дейін төмендеткен. Бұл жайлы Арменияның қоғамдық телеарнасына берген сұхбатында республиканың Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян айтты.

Григорян 2020 жылдан бастап, Ереванның жалпы әскери-техникалық ынтымақтастығының 96 пайызы Мәскеумен байланысты болғанын, ал 2021 жылдың қаңтарынан бастап Армения әртүрлі елдермен бірнеше миллиард долларлық келісім-шарттар жасап, бұл көрсеткіштерді айтарлықтай азайтқан.

«Бұл келісімшарттарда ресейлік көлем 10%-дан аз. Яғни Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастық 96%-дан 10%-ға дейін төмендеді»,   деген Григорян.

Қауіпсіздік кеңес хатшысы «Ресейдің өз таңдауына» байланысты Арменияның бұл саланы әртараптандыруға мәжбүр болғанын айтқан. Соның нәтижесінде 2023 жылдың 15 қарашасында Армения премьер-министрі Никол Пашинян республикаға қару-жарақ жеткізу бойынша жаңа серіктестер іздейтіні жайлы хабарлаған. Пашинян сол кезде Ресейдің ақысы төленген қару-жарақ жеткізілімдері бойынша талаптарды орындамай жатқанын айтқан.

ҰҚШҰ

Армения ҰҚШҰ-ға да міндеттемелерін орындамағын үшін ренжулі. Бірнеше күні бұрын Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Пашинян егер ұйым республика алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерін орындамаса, ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды түрде тоқтататынын айтты. Ол қазіргі уақытта ұйыммен байланыс іс жүзінде тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Яғни қазіргі уақытта Ереван ұйымға мүшелігін де-факто тоқтатқан, бірақ бұл шешімін де-юре мәртебесіне көшіруге дайын екенін жеткізді.

«Мен ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, Армения Республикасы үшін қиындықтар туғызып отыр»,  – дейді Армения басшысы.

Пашинян альянста Арменияның тұрақты өкілінің жоқ екенін және ұйымның жоғарғы деңгейде өткізілетін шараларына қатыспай жүргенін айтты. Пашинян ҰҚШҚ-ның Армениядағы жауапкершілік аймағын анықтап алғысы келетінін жеткізді. Ол осы мәселені ұйым алдында көтергенін, алайда бұған ұйым мүшелерінен нақты жауап келмегенін атап өтті. Пашинян бұл әррекеттерімен ұйымды армян-әзірбайжан арасындағы қақтығысқа итермелемейтінін жеткізді.

Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтты. Мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтқан. Сол себепті бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.

Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.

«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.

Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін айтқан. Сондай-ақ Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.  

Сондай-ақ оқыңыз