Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы қаулы «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.
Құжат тығыз екіжақты экономикалық ынтымақтастық негізінде теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестицияларына қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.
«Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің инвесторлары өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырған инвестицияларға жол береді», – делінген құжатта.
Келісімге сәйкес әрбір тарап өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларға жәрдемдесу мақсатында екінші тарап мемлекетінің инвесторларын көтермелейді және оларға қолайлы жағдайлар жасайды. Сонымен бірге әрбір тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы режимді, сондай-ақ екінші тарап мемлекетінің аумағында толық қорғауды және қауіпсіздікті пайдалана алады.
«Әрбір тарап өз аумағында екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларын басқаруға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, иеленуге немесе оларға билік етуге қатысты инвестицияларына өз инвесторларына және олардың инвестицияларына жасайтын қолайлы режимнен кем емес режимді ұсынады», –делінген келісімде.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Келісім күшіне енген күнінен бастап 1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімінің қолданылуы тоқтатылады.
Еске сала кетсек, өткен жылдың көктемінде Қазақстан, Қырғызстан және Ресей жеке деректермен алмасу туралы келісімді ратификациялады.
Атап айтқанда, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Қырғыз Республикасының заңына қол қойды.
Бұл құжатқа Қырғызстан, Қазақстан және Ресей қол қойған. Келісім шеңберінде ратификацияға қатысушы елдер өзара азаматтықтың болуы немесе болмауы туралы мәліметтермен, ел аумағында тұрақты тұру туралы құжаттар туралы, мүліктік міндеттемелер мен тараптар аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты деректермен алмасады.