Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Мәскеудегі синагогаға жасалуы керек болған лаңкестік әрекеттің алдын алғаны туралы хабарлады. ASTRA телеграм арнасының хабарлауынша атыс кезінде екі Қазақстан азаматы қаза тапқан.
«Федералдық қауіпсіздік қызметі тосқауыл қойылған лаңкестік әрекеті туралы хабарлады. Болжам бойынша «Вилаят Хорасан» тобының (Ислам мемлекетінің тармағы) екі мүшесі Мәскеудегі синагогаға қарулы шабуыл жасамақ болған. ФСБ мәліметінше, жоспарланған терактіні арнайы қызметтің жедел қызметкерлері анықтаған. Қауіпсіздік күштері оларды Калуга облысындағы жеке үйлердің бірінен анықтаған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұтқындау кезінде күдіктілер қарулы қарсылық көрсетіп, «қарсы оқ ату арқылы залалсыздандырылғанын» айтылды», –делінген телеграм арнасының хабарламасында.
7 наурыз күні таңертең Коряково ауылында болған атыс кезінде лаңкестік әрекетке дайындалды деп күдіктелген екі Қазақстан азаматы қаза тапқан. Оның бірі – 35 жастағы Сәбит Әшіралиев. Екіншісі – 32 жастағы Жәнібек Тасқұлаев деген азамат. Қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, олар Ресейге осы жылдың 28 ақпанында келген.
Күдіктілер жасырынған үйден рейд кезінде қауіпсіздік күштері Макаров тапаншасын, Калашников автоматын және жарылғыш құрылғыларды жасауға арналған заттарды тапқан.
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің Калуга облысы бойынша тергеу бөлімі террорлық жасауға дайындалу бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растады. Комитетте қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу басталған.
«БАҚ-та Ресей Федерациясында Қазақстанның екі азаматының террорлық акті жасауды ұйымдастыруға әрекеті кезінде Ресейдің күштік құрылымдарымен көзі жойылғаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл адамдардың Қазақстан азаматтары және Ресейге шыққандығы расталады», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметімен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр.
Еске сала кетсек, бірнеш күн бұрын Алматы әуежайында шетелдегі террорлық ұйымға қосылуды көздеген азамат ұсталды. ҰҚК-нің хабарлауынша, бұрын ол ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған. Сондай-ақ террористік әрекеттерді қаржыландырды деп күдіктелуде.
Ал өткен жылдың аяғында терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан тұрғыны ұсталды.
Сонымен бірге өткен жылы Тәжікстан азаматы елордада терроризмді насихаттағаны үшін сотталды. Халықаралық лаңкестік ұйымдардың идеологиясын насихаттағаны үшін сотталған М. өз бетінше астаналық діндарларды «қарулы жиһадқа» қатысуға үндеген. Сонымен қатар өз әрекетінің заңсыздығын түсініп, лаңкестерге қаражат жіберген.
Елордалық соттың үкімімен шетел азаматы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256 және 258-баптары «Терроризмді насихаттау», «Терроризм қызметін қаржыландыру» бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.