Жаңалықтар

Zaimer.kz арқылы жеке деректердің тарап кетуі: Цифрлық даму министрлігі азаматтарға үндеу жолдады

алаяқтық жасап жүрген
Zaimer.kz арқылы жеке деректердің тарап кетуі: Цифрлық даму министрлігі азаматтарға үндеу жолдады / kursiv.media архиві

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі микрокредиттік ұйымда жеке деректері тарап кеткені туралы хабарлама алған азаматтарға үндеу жолдады.

Үндеуді ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Әтен жариялады.

Сізге eGov қосымшасы арқылы жеке деректеріңіздің таралып кеткені туралы хабарлама келсе, Zaimer микрокредиттік ұйымының клиенті болмасаңыз да, міндетті түрде Цифрлық министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз. Бұл сіздің жеке деректеріңіздің қауіпсіз болуы үшін қажет! – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Zaimer.kz арқылы қазақстандықтардың 2 миллионнан аса жеке деректері тарап кеткен болатын.

2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралуын анықтады.

Сондай-ақ «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ таратылған деректерге талдау жүргізді. Цифрлық даму министрлігі клиенттердің жеке басын анықтау нәтижелері бойынша азаматтарға EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы тиісті хабарламалар жолдайтын болады.

Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн, – деп хабарлады ведомство.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайлық хакерлердің екі жылдан астам уақыт қазақстандықтарды бақылап отырғаны анықталды.

Ақпанда GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Бұл туралы CERT компьютерлік қауіпке жауап беру қызметі хабарлаған.