Электромобильге жаппай ауысу жаһандық автомобиль өнеркәсібін қалай өзгертіп жатыр?

Жарияланды
Электромобиль сатылымының өсімі неге баяулап жатыр?/shutterstock

Дәл қазір автомобиль нарығында болып жатқан өзгерістерді соңғы жүз жылдықтағы ауқымды трансформация деп айта аламыз. Өйткені үкіметтер көлемді субсидиялар беріп жатыр. Олардың бар мүддесі – мейлінше тезірек электромобильдерге ауысу. Бұл бір жағынан жаһандық көміртекті бейтараптық міндетін орындайды, екінші жағынан көліктерді сапалық тұрғыдан жетілдіре түседі. Әсіресе, қытайлық өндірушілердің қарқыны әлемді таңғалдырып отыр. Bloomberg-тің хабарлауынша, тағы бір мәселе – елдердің электр көліктерін жеткізу тізбегінде қаншалықты басым екені. Автоөндірушілер өндірісті күшейтуге тырыса бастағанда, бүкіл әлемде электр көліктеріне сұраныстың өсуі баяулады. Бұл комбинация батыстық автоөндірушілер үшін үлкен шығынға әкеп соғуы және автомобиль көлігінен парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі амбициялық мақсаттарға қауіп төндіруі мүмкін.

Қытайдағы электромобиль индустриясы қаншалықты ауқымды?

Жер бетінде сатылып жатқан бүкіл электромобильдің тең жартысы қытайлық брендтерге тиесілі. Қытайлық компаниялар ішкі нарықтағы үлесті бұрынғы лидер Volkswagen AG брендінен тартып алды. Ал BYD Co. секілді ішкі нарықтағы көшбасшы компания 2023 жылдың төртінші тоқсанында әлемдегі ірі электромобиль өндіруші Tesla Inc.-ті басып озды. Қытайдағы тұтынушылар да электр энергиясымен жүретін автомобильдерге ауысып жатыр. Толық электрлік көліктер Еуропадағы сатылымның 15,7%-ымен салыстырғанда 2023 жылы барлық жаңа жеңіл автомобиль сатылымының төрттен бірін құрады.

UBS аналитиктерінің айтуынша, әлем нарығындағы Қытай үлесі 33 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл уақытта дәстүрлі батыстық автоөндірушілер үлесі 2030 жылы 81%-дан 58%-ға дейін құлдырамақ. Олар сондай-ақ былтыр BYD брендінің солтүстік америкалық және еуропалық брендтермен салыстырғанда құн жағынан 25% алда болғанын есептеген.

Сатылым жағынан Tesla қытайлық BYD-тан алда тұр. Дегенмен BYD өсімі компанияның да, Қытай үкіметінің де ұзақ мерзімге негізделген стратегиясының жемісі. Бұл Қытайды әлемдік автомобиль нарығындағы басым ойыншыға айналдырды.

Қытайдың артықшылығы неде?

Қытайдың үстемдігі электромобильдің ең қымбат бөлігі болып саналатын аккумуляторларда байқалады. Электромобильдерге арналған аккумуляторлық батареялардың 80%-дан астамын қытайлық өндірушілер жеткізілім тізбегі арқылы тасымалдайды. Өйткені олар литий, кобальт, марганец және сирек жер металдары сияқты құрамдас минералдарды өздері өндіріп, өңдейді. BloombergNEF дерегінше, Қытайдағы аккумуляторлар құны киловатт-сағатына 126 долларға дейін құлағанда, АҚШ-тағы аккумулятор бағасы – 11, Еуропадағы аккумулятор бағасы 20%-ға жоғары болып тұрған. Сонымен қатар қытайлық өндірушілер қазір электромобиль аккумуляторларында қолданылатын литийден гөрі көп және отқа бейімділігі төмен натрий негізіндегі батареялардың жаңа буынын енгізуде.

Басқа автоөндірушілер қалай қарайды?

2023 жылы болған ішкі нарықтағы қатаң бәсеке және экономикалық өсім қарқынының баяулауы өзге жерлерде де сатылымды күшейтуге қажеттілік  тудырды. Сөйтіп, былтыр Қытай 1,55 млн электромобильді экспорттады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 64 пайызға жоғары. Қытай экспорты негізінен импорттық және отандық автомобильдер үшін тұтынушыларға субсидиялар берілетін Азия мен Еуропа елдеріне бағытталды. 2020 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың I жартысында Еуропа нарығында BYD и Nio Inc. сияқты қытайлық брендтер үлесі 1,1-ден 5,6%-ға дейін артты. Қыркүйекте Еуроодақ электромобиль өндірушілеріне Қытай ұсынып отырған мемлекеттік субсидияларға қатысты тексеруді бастады.

АҚШ-та да субсидиялар ұсынылды. Бірақ президент Джо Байденнің инфляцияны төмендету туралы заңы (IRA) бойынша кеңейтілген салық жеңілдіктері құрамдас бөліктері негізінен елде өндірілетін Солтүстік Америкада жасалған көліктермен шектеледі. Сонымен қатар АҚШ қытайлық автомобильдердің импортына 25% көлемінде баж салығын енгізді. Ал мұндай салық Еуропада 10%-ды құрайды. 

Электромобильдерге сұраныс

Электромобильдердің әлемдік сатылымы әлі де өсіп жатыр. Алайда өсім баяулады. BloombergNEF мәліметі бойынша, толықтай электрмен жабдықталған көліктер, сондай-ақ гибрид қосылғандар, яғни бензин немесе дизель отынымен жұмыс істей алатын көліктер 2021 жылы екі есе өскен. Ал 2022 жылы 62%-ға артқан. Бірақ былтыр бұл көрсеткіш 31% болды. BNEF 2024 жылы өсім тағы да 21%-ға дейін баяулайды деп болжайды.

Электромобиль сатылымының өсімі неге баяулап жатыр?

Қытай экономикасы қиындықтарды бастан кешіріп жатыр. Бұл тап бұрынғы жылдардағыдай сенімді өсім көзі бола алмайды дегенді аңғартады. 2023 жылы көптеген қытайлық өндіруші сатылым бойынша өз мақсаттарына жете алмады. 2024 жылы сатылым екінші жыл қатарынан баяуламақ. Бірақ бұдан да ауқымды проблема Еуропа мен АҚШ-тағы сұраныс болып тұр. Электромобильдердің бірінші толқынында автоөндірушілер техникалық энтузиастарға және көлемді арттыру үшін қызметтік автомобильдерді сатып алуға мемлекеттік субсидияларға сене алатын. Бірақ келесі кезеңде олар үнемді жүргізушілермен бетпе-бет келеді. Олардың көпшілігі технологияға күмәнмен қарайды және Еуропа мен АҚШ-тағы жанармаймен жұмыс істейтін әріптестеріне қарағанда орташа есеппен 30% және 27% қымбат көліктерді сатып алудан бас тартады. Еуропада сатылымның өсуіне ықпал еткен субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер азайып келеді. Ал АҚШ-тағы қазіргі ынталандыру жергілікті өндіріс шегіне байланысты, бұл сатып алушылардың таңдауын шектейді.

Орталық банктер инфляцияны тежеуге тырысқандықтан, тұтынушылар қарыз алу құнының өсуінен қорқады. Кейбір тұтынушылар әлі де қуаттау инфрақұрылымы мен батареяның қызмет ету мерзіміне алаңдайды.

Автоөндірушілердің көңіл-күйі қандай?

Tesla-дан бастап бірқатар автоөндіруші клиент тарту үшін былтырдан бері бағаны бірнеше рет түсірді. Табысты сақтап қалу үшін олардың біразы өндіріс көлемін және қызметкерлер штатын қысқартты. Олар барынша арзан модельдер дайындап шығаруға көңіл бөліп жатыр. Еуропалық нұсқаларға Stellantis, Renault 5 және Volvo EX30-дан e-C3 кіреді. Автоөндірушілер әлеуетті сатып алушыларды тарту үшін аккумуляторлық технологияға да көп қаражат жұмсайды.

BYD және Tesla литий-темір-фосфат батареяларын пайдалануда көшбасшы болып саналады. Олардағы энергия тығыздығы төмен. Сәйкесінше құны да төмен, қызмет ету мерзімі ұзағырақ және негізгі балама – никель-кобальт-марганец батареяларына қарағанда қауіпсіз болып келеді. Volkswagen, Toyota, BYD және Қытайдың аккумулятор өндіретін Contemporary Amperex Technology компаниясы электромобильдерді тиімдірек және арзанырақ ете алатын әлеуетті революциялық технология – қатты күйдегі акккумуляторларды әзірлеп жатыр.

Өзге елдер Қытай экспортына қалай жауап береді?

АҚШ IRA-ны қабылдағаннан кейін елдегі аккумулятор өндірісіне 55,1 млрд доллар сомасына инвестиция салу, сонымен қатар электромобиль өндірісі бойынша зауыттарға 16,1 млрд доллар салу туралы жария етті. Сайып келгенде, бұл қуаттылықтың артуына әкелсе де, тікелей әсер шектеулі болды. Өйткені ішінара өндірісті ұлғайтуға асыққан көптеген автомобиль өндірушілер Қытай технологиясына сүйенуге мәжбүр. 2023 жылы өндірістегі тек 14 модель IRA сатып алу субсидиясына құқылы болды.

Батарея компоненттерінің құнына және аккумуляторлар үшін шикізат көздеріне қойылатын талаптар 2024 жылы және 2030 жылы өседі деп күтілуде. Бұл GM және Ford Motor Co сияқты автокөлік өндірушілер үшін үлкен проблемалар тудырады. Олар өздерінің электрлі көлік желілерінде миллиардтаған доллар жоғалтып жатыр және көлік құралдарының жоғары бағасына байланысты тұтынушылардың реакциясына тап болады. Бұл түйткіл олардың қытайлық технология, шикізат және құрамдас бөліктерге тәуелділікке байланысты өте қатты өткір тұр. Сол себепті, олар бар күшімен өздерінің жеткізу тізбегін құрып, шығындарды азайтуға тырысып жатыр.

Еуропа елдері электромобильдерге инвестиция салмақ

Германия, Франция және Испания IRA-ны қабылдауға жауап беріп, өздерінің салықтық жеңілдіктері мен электромобильдерге инвестиция салуға көмек пакетін ұсынатынын жариялады. Еуропалық автоөндірушілер, соның ішінде Volkswagen, Stellantis және Renault SA, электромобильдерге ауысу үшін зауыттарын қайта жабдықтауға кірісті. Жақын жылдарда олар батереядан қуат алатын ондаған жаңа көлік моделін шығарып, өз беттерінше немесе серіктестерімен бірлесе отырып аккумулятор зауыттарын салмақ. Сөйтіп, іштен жанатын қозғалтқыштан бас тартады.

Кейбір сала жетекшілері қытайлық автомобиль өндірушілеріне сәйкес келетін масштабқа жетудің жалғыз жолы ретінде электромобильдерге арналған Airbus деп атайтын кең серіктестік идеясын алға тартты.

Оңтүстік Кореяда да аккумулятор өндіру бойынша үш ірі компания жұмыс істейді. Олар – Samsung SDI Co. , LG Energy Solution Ltd. и SK On Co. IRA күшіне енгеннен кейін кореялық компаниялар (олардың кейбірі америкалық автоөндірушілермен бірлескен кәсіпорын құрған) химикат, катод және дайын аккумулятор өндірісі бойынша жаңа зауыттар құрылысына 48 млрд доллар құйған. Зауыттар Кореяда және Солтүстік Америкада салынбақшы. Бірақ кореялық аккумулятор өндірушілердің өзі Қытайдан жеткізілетін шикізатқа иек артады. 2023 жылы экономиканың баяулауы фонында бәсеңдеп қалған электромобиль сатылымынан кейін Оңтүстік Корея субсидиялау бағдарламасын кеңейтті.

Сондай-ақ оқыңыз