Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы ақпандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне қатысты есебін жариялады.
Бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3% өсті. Ал қайталама нарықтағы баға 3,3% төмендеді. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 2,9% қымбаттады.
Өңірлер бойынша талдасақ
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе – 8,9%, Қызылорда – 7,1% қалаларында өсті. Қайталама нарықта баға өсімінің көшін Талдықорған (9%), Атырау (8,2%) қалалары бастап тұр. Тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (23,3%), Қарағанды (23%) Атырау (21%) қалалары.
Бір айдың ішінде жаңа тұрғын үйді сату – 0,4%, ал пәтерлерді қайта сату 1,7% өсті. Жөндеу жүргізілген тұрғын үйді жалға алу төлемі ақпанда алдыңғы аймен салыстырғанда 1,2% төмендеді.
Тұрғын үйге сұраныс жоғары ма?
2024 жылғы ақпан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 534 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 017. Ал көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 517 мәміле жасалды. 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда (31 713) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,7% азайды.
Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (6434 – 21,1%) және Астана (5882 – 19,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2297 – 7,5%) көш бастап тұр.
2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда ең көп өсім Павлодар (+17,1%), Шығыс Қазақстан облыстарында (+15,2%) және Шымкент қаласында (+10,1%) тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу, көш бастағанына қарамастан Алматы қаласында (-22%), Ұлытау (-8,7%) және Абай облыстарында (-8,3%).
Көппәтерлі тұрғын үйге сұраныс төмендеді ме?
«2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 4,4% (1128 мәмілеге) азайды. 2024 жылдың ақпан айында пәтерлер бойынша барлығы 24 517 мәміле жасалды. Бұл жалпы мәмілелер санының 80,3%», – деп жазылған хабарламада.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (24,3%), Астана (23,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды. 2024 жылдың ақпанында олар бойынша 9 167 мәміле ресімделген.
2024 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, ақпанда жеке тұрғын үйлер бойынша тұрақтылық байқалады. Мәмілелер саны 0,8% немесе 51 мәмілеге азайды. Ақпанда барлығы 6 017мәміле тіркелді. Сонымен қоса, көрсеткіштің төмендеуі еліміздің барлық аймағында байқалды. Ең жоғары өсім Астана (+65,7%), Алматы (+14,1%) қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында (+9,4%) байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Абай (-23,7%), Солтүстік Қазақстан (-10,8%) және Түркістан (-9,8%) облыстарында орын алды.
Жалпы тұрғын үй нарығында оң динамика байқалады
2024 жылғы ақпанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті айымен салыстырғанда 26,6%-ға артты. Ол кезде 24 118 мәміле ресімделген болатын. Оң көрсеткіш Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан басқа елдің барлық аймағында тіркелді, ондағы азаю сәйкесінше 18,3% және 8,7% құрады. Павлодар облысында ұлғаюдың ең үлкен көрсеткіші (75,4%) тіркелді. 2024ж. қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санының 2023ж. қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 28,6% оң динамика байқалды.
Бұған дейін, Алматыда қаңтар, наурыз айларында 4-5 балдық жер сілгіністері болып, жер үйлерге сұраныс артты.
Еске сала кетсек, 10 қарашада елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны жарияланды.
«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады«Отбасы банкі» АҚ баспасөз қызметі.
16 қарашада «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқанына қатысты пікір білдірді.
«Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді Ләззат Ибрагимова.
1 наурыз «9-20-25» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды.