Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келіссөзі нәтижесінде 14 құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға сапары барысында БАҚ өкілдері үшін өткен брифингке қатысты. Ол Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.
Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Қазақстан Президенті.
Қол қойған құжаттар
1. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кенесінің бірінші отырысы шешімі.
2. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы теңіз кемелері экипаж мүшелерінің кәсіби дипломдарын өзара тану туралы келісім.
3. 2017 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде докторантураға орын бөлу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.
4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары.
6. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі (AIH) арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім.
7. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім.
8. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандум.
9. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Әзербайжан Республикасының медианы дамыту агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
10. Қазақстан Республикасының «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының «Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі» жария құқық заңды тұлғасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
11. Атырау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Ширван қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары.
12. Ақтау қаласының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Сумгаит қаласының атқарушы билігі (Әзербайжан Республикасы) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары.
13. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі (KOBIA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын іске асыру жөніндегі жол картасы.
14. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызметі» АҚ мен Әзербайжан Республикасының Арнаулы байланыс және ақпараттық қауіпсіздік қызметі арасындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Президенттің Әзербайжанға сапары
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапармен барды.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізеді. Оған қоса Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысына қатысады.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 5 есеге өсті
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында сұхбат бергенін жазған едік.
Президент 2020 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы бес есеге жуық өскенін айтты (109 миллион доллардан 529 миллион долларға дейін).
Біздің «портфелімізде» екі ел үшін де, жалпы аймақ үшін де маңызды бірқатар жоба бар. Бұл – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) өткізу қабілетін кеңейту, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) және энергетикалық кабельді тарту. Мұнай мен уранды Әзербайжан арқылы экспорттау. Ал бидайды Қазақстаннан Әзербайжан нарығына жеткізу. Бірқатар бірлескен бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды арттыруға бағытталған, – деді мемлекет басшысы.
«Қазмұнайгаз» Әзірбайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 1,5 есе арттырады
Еске салайық, «Қазмұнайгаз» Әзербайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 1,5 есе арттыруды көздеп отыр.
Атап айтқанда, екі ел компаниялары Әзербайжан арқылы тасымалданатын қазақстандық мұнай көлемін арттыру туралы келісімшартқа қол қоюды жоспарлаған.
«Әзірбайжандық SOCAR компаниясы – біздің бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесіміз. Былтырғы наурыз айынан бастап қазақстандық мұнайдың Әзербайжан аумағы арқылы транзитін жүзеге асыра бастағанымызды айта кетейін. Біз айына шамамен 120 мың тонна мұнай тасымалдаймыз. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзірбайжанға мемлекеттік сапары аясында әріптесім Ровшан Наджафов мырзамен Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнай транзитін бір жарым есе ұлғайту туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», – деді «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Келісімшарт негізінде айына тасымалданатын 120 мың тонна мұнай көлемі 60 мың тоннаға артады. Осылай, Қазақстан Әзербайжан аумағы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 180 мың тоннаға жеткізбек.