Жаңалықтар

Астанада әскери қызметкерлер арасында үздік шахматшылар анықталды

Астанада әскери қызметкерлер арасында үздік шахматшылар анықталды / Фото: Қорғаныс министрлігі

XIV Спартакиада аясында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және ҚР Қарулы күштерінің құрылымдық бөлімшелері арасында шахмат чемпионаты өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарысқа жалпы 50-ден астам қызметкер қатысты. Чемпионат швейцариялық жүйе бойынша – 9 турмен өтті.  Нәтижесі екі топ бойынша бағаланды. 

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Тұрловтың құттықтау сөзін вице-президент Марат Есенов айтып берді. Сөз арасында мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында, құрылымдық бөлімшелерде және ведомстволық бағынысты ұйымдарда шахматты ілгерілетуге үлкен қызығушылық бары атап өтілді. 

«Біз үшін әуесқой шахматтың  танымалдылығы артып келе жатқаны маңызды. Сондықтан осындай турнирлерді жан-жақты қолдаймыз. Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастық – мыңдаған адамды шахматқа тартуға тамаша мүмкіндік. Шахмат партиялары кезінде дамытатын дағдылар мен қасиеттер әскери қызметкерлер үшін өте маңызды деп ойлаймын», – деген Тимур Турлов.

Чемпионат кубогы

Шахмат сайыстарының қорытындысы бойынша чемпионат кубогын Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығының командасы еншіледі. Екінші орын – Әскери өкілдіктер орталығына, үшінші орын – Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментіне бұйырды. 

Ерлер арасында жеке есепте алтын кубок подполковник Мұхамедәлі Байғұловқа (Инженерлік әскерлер департаменті), күміс кубок – аға сержант Аман Өтешқалиевқа (Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті), қола кубок – подполковник Асылхан Мұсаевқа (Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаменті) бұйырды. 

Әйелдер арасында жеке есепте бірінші орынды сержант Дана Рахымжанова (Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы) алды. Екінші орынды кіші сержант Дәуренгүл Нұрланқызы (Жауынгерлік даярлық департаменті), үшінші орынды сержант Ботагөз Шалабаева (Байланыс департаменті) алды. 

Екінші топта Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамасы жеңіске жетсе, күміс Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің шахматшыларына берілді. Ал қола Мемлекеттік сатып алу бас басқармасының командасына бұйырды. 

Жеке есептегі жеңімпаздар

Ерлер арасында жеке есепте майор Артур Карпеков (Қару-жарақ бастығының басқармасы) үздік деп танылды. Тұғырдың екінші сатысынан Қарулы күштердің қызметкері Өнербек Өмірәлин (Мемлекеттік әскери-тарихи музей) көрінді. Үшінші орынды Қарулы Күштердің қызметкері Радик Мұхамедиев (Ұлттық әскери-патриоттық орталығы) алды.

Әйелдер арасында кіші сержант Райхан Жақыпова (Тыл бастығының басқармасы) ерекшеленді. Екінші орын әділет майоры Жанар Абзалға (Мемлекеттік сатып алу бас басқармасы) берілді. Үшінші орынды кіші сержант Інжу Тезекбаева (Ұлттық әскери-патриоттық орталығы) алды. 

Одан бөлек «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» номинациясына майор Ғалымжан Әбдәлиев (Әскери полицияның бас басқармасы) және лейтенант Сандуғаш Ахметова (Мемлекеттік әскери-тарихи музейі) ие болды. «Белсенді қатысқаны үшін» номинациясымен Әскери инфрақұрылым бас басқармасының командасы марапатталды.

KazChess Awards шахмат сыйлығы

Бұған дейін Алматы қаласында KazChess Awards сыйлығы табыстау салтанаты өткенін жазған едік. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов шахмат қоғамдастығының үздік өкілдеріне 9 аталым бойынша сыйлық табыстады.

Өткен маусым бойы спортшыларымыз жарыстарда керемет нәтиже көрсетті. Әрбір жеңістің артында ата-ана, бапкерлер штабы сіңірген және, сөзсіз, спортшылардың өздері атқарған еңбек жатыр. Сол үшін де біз шахмат қоғамдастығының үздік өкілдері сіңірген еңбегін мойындау үшін осы марапатқа бастама жасадық. Біздің спортшыларымыз, сөзсіз, ең мықты спортшылардың бірі. Олар өз жетістерімен Қазақстанның абыройын әлемдік аренада асқақтатуда. Бірақ одан да маңыздысы – өскелең ұрпақты шахматпен айналысуға әрі бұдан да орасан зор жеңістерге қол жеткізуге ынталандырып, нағыз үлгі болу», – деді Тимур Турлов.

Қазақстан Қарулы күштерінің 139 адамнан тұратын бітімгерлер тобы Голан үстіртіне жеткенін жазған болатынбыз.

Қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті. Базаның орналасқан жеріне қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауға арналған әскери техника мен мүлік те жеткізілді»,– делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, ұлттық құрам базаға жайғасқан соң, рота штабы істерді қабылдау және «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясы қолбасшысының резервтік ротасының функционалын нақтылау жұмысына кіріседі.