Жаңалықтар

Экзит-полл нәтижесі бойынша Путин Алматыда 8% дауыс жинады

Экзит-полл нәтижесі бойынша Путин Алматыда 8% дауыс жинады / коллаж kursiv.media

Ресей президентінің сайлауында Алматыда тұратын Ресей азаматтары дауыс беріп, экзит-полл нәтижесі бойынша қазіргі президент Владимир Путин 8% дауыс жинаған.

Шетелде дауыс бер (Голосуй за рубежом) жүйесінің ақпаратына сүйенсек, Алматыда «Новые люди» партиясынан сайлауға түскен Владислав Даванков жеңіске жеткен. Оған Алматыда тұратын ресейліктердің 69%-ы дауыс берген. 14% азамат бюллетеньді бүлдірген. Айта кетейік, Алматыда дауыс берген 8133 ресейліктің 1615 ғана экзит-полл сауалдарына жауап берген.

Путин ең төменгі пайызды Гаагада (2%) жинаған. Черногория мен Сербияда қазіргі президентті сол жердегі ресейліктердің 3%-ы қолданған.

Орталық Азия қалалары ішінде Өзбекстан астанасы Ташкентте Путинге дауыс бергендер 36% болған. Ал Қырғызстан астанасы Бішкек пен Өзбекстандағы Самарқанда азаматтардың 35%-ы қазіргі Ресей президентіне дауыс берген.

Ал Даванков Бішкекте 44%, Ташкентте 36%, Самарқанда 18% дауыс жинаған. Экзит-полл сауалдарына Бішкекте дауыс берген 8159 азаматтан 514 адам, Ташкентте 8297 азаматтан 2141 адам, Самарқанда 8371 азаматтан 251 адам жауап берген.

ТАСС ақпаратына сүйенсек, экзит-полл нәтижесі бойынша Ресей президенті сайлауында Владимир Путин – 87,8%, коммунистік партия өкілі Николай Харитонов – 4,7%, «Новые люди» партиясының өкілі Владислав Даванков – 3,6%, ЛДПР өкілі Леонид Слуцкий – 2,5% дауыс жинаған.

Ресей Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, экзит-полл нәтижесі бойынша шетелдерде Путин – 71,52%, Даванков – 17,40%, Харитонов – 2,18%, Слуцкий – 1,99% дауыс жинаған. Комиссия нақты Қазақстандағы дауыс беру учаскелеріне қатысты ақпарат жарияламаған.

Тоқаев Ресей президентінің сайлауы туралы

Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде өтетін президент сайлауы­ның Қазақстан үшін мәні зор екенін, Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнағанын айтқан болатын. Сонымен бірге, ол Ресей мен Қазақстанның негізгі серіктес әрі одақтасы екенін айтып, өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсткенін мәлімдеді. Айтуынша, екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Соған сай бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істейді. 

«Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз»,– деген еді Тоқаев.

Қазақстандағы Ресейдік сайлау учаскелері

Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстандағы Ресей президентін сайлауға дауыс беруі еш тәртіп бұзылмай өткенін жазған едік.

Қазақстанда 17 наурызда Сыртқы істер министрлігі желісі бойынша, жалпы жеті сайлау учаскесі ашылған. Оның екеуі Астанада, екеуі Алматыда, қалғаны Орал мен Өскемен қалаларында орналасқан. Оған қоса Байқоңырдағы Ресей аумағында бөлек дауыс беріліп жатыр.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ресейде наурызда президент сайлауы 17 наурызда өтетінін жазды. Сайлау өткізу туралы шешім Федералды кеңестің 556-шы жалпы отырысында қабылданған. Федералды кеңестің 162 депутатының барлығы бірауыздан сайлау өткізу туралы шешімді мақұлдаған.

Өз кезегінде Владимир Путин  2024 жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ресей Федерациясының ОСК шешіміне сәйкес, Ресей президентін сайлау 2024 жылдың 15-17 наурыз аралығында өтеді.