Жаңалықтар

Қарағандыда шенеуніктер ауданды безендіруге 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсамақ болған

Шенеуніктер ауданды безендіруге 1 млрд теңге жұмсамақ болған / Фото: kursiv.media

Қарағандыда шенеуніктер мерекелік безендіруге 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны негізсіз жұмсамақ болған.  Әлихан Бөкейхан ауданының прокурорлары ауданды мерекелік безендіруге арналған жалпы сомасы 985 156 250 теңгені құрайтын үш жылдық байқаудың күшін жойды.

 Байқау күшін жоюға бюджет қаражатын жұмсау ережелерінің бұзылуы себеп болды. 

«Оған бір жылдан астам мерзімге шарт жасасу негіздерінің толық тізбесі көзделген Бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларының бұзылуы негіз болды. Тапсырыс берушіге шартты орындау мерзімін ұлғайту қаржылық тұрақтылық көрсеткішіне негізделген әлеуетті жеткізушілердің қатысуын шектеген», – делінген Қарағанды облысы прокуратурасының хабарламасында. 

Прокуратураның араласуынан кейін аудан әкімдігінің конкурсы жойылып, 1-ші қаржы жылына арналған конкурсты жариялауға сәйкестендірілді.

Бұған дейін, Алматы қаласының бұрынғы аудан әкімі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде заңбұзушылықтарға жол беріп, 100 миллион теңгенің босқа шығындалуына жол берген еді.

Жергілікті атқарушы орган мемлекеттік сатып алуға қатысушыларда сәйкес рұқсаттың болуына қарамастан, олардың конкурстық өтінімдерін негізсіз кері қайтарған. Прокуратураның мәлімдеуінше, егер әлеуетті қатысушылар конкурсқа жіберілген болса, 100 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге болатын еді.

«Көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін бұрынғы аудан әкіміне 9,2 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,– делінген баспасөз хабрламасында.

Сонымен қатар прокуратура қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына 43.3 млн теңгеге 161 әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлдады.

Осы жылдың екі айында 10 млрд теңгенің конкурсы тоқтатылған

Жалпы 2024 жылдың басынан бастап прокурорлардың актілері бойынша 10 млрд теңгеден астам сомаға конкурстар тоқтатылған.

Бірнеше күн бұрын Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу шарттары бұзылғанын хабарлады. Олар құны 1 млрд теңгеден асатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсын жарамсыз деп таныған.

Прокуратура мәліметінше, тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатқан. Сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын әдейі қиындатып шектеген.

Тағы бір жағдайда, қала көшелерін жөндеуге құны 500 млн теңгеден асатын конкурс жариялаған. Алайда тапсырыс беруші яғни әкімдік жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған. Әр көшедегі жұмыстың нақты сметалық құнын анықтап жазбаған. Актілер ұсынбаған.

Прокуратура барлық мемлекеттік сатып алулардың күшін жойып, ашық конкурсқа кәсіпкерлік субъектілердің де қатысуын қамтамасыз еткен.

Ал өткен жылы Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатқан.

Прокуратура мемлекеттік органдардың әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарын негізсіз асыра бағалағанын анықтады. Сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамасыз автожолдар салуға конкурстар жариялаған.

Тек Алакөл ауданында осындай талаптарды бұзған 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Оның ішінде 4 ауылдық округтің әкімдері де бар