Қазақстанда 7 шетелдік қаржы пирамидасы жобасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Оның ішінде бір қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шығып үлгерген.
Қаржы мониторингі агенттігінің ақпаратына сүйенсек, 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік қаржы пирамидасы (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның ішінде Eolus пирамидасына қатысты үкім 2024 жылдың 23 ақпанында шығып үлгерген.
Агенттік хабарлауынша, тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталған. Оларға қатысы бар «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі 200 чат белгілі болып, 182 чат бұғатталған.
Бұдан бөлек, агенттік аудиториясы 600 мың адамды қамтыған, мыңға жуық пирамидалардың белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесін бұғаттауға жіберген.
Сонымен қатар бақылаушы орган ТМД елдерімен пирамидаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген азаматтардың орналасқан жері жайлы ақпаратпен бөлісуге келісіп, өзара іс-қимыл жасау үшін Арнайы жұмыс тобын құрған.
Айта кетейік, пирамида құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасы белгілері бар ұйымдардың кеңейтілген тізімін жариялаған еді. Тізімде 274 компания бар. Олардың ішінде «Газпроминвестхолдинг» ЖШС платформасы», «ҚазМұнайГаз инвестициялар» интернет жобасы және «Forte Invest» интернет жобасы тұр. Бұл – белгілі инвестициялық компаниялардың атын пайдаланатын алаяқ құрылымдар.
Қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істер
Еске салайық, Алматының апелляциялық сот алқасы Mudarabah Capital деген пирамиданы құрушыларға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ақпаратты Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі растады.
Қылмыстық іс бойынша 10 адам сотталған еді. Оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар.
Сот үкімімен:
Алмас Құрманғалиев 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
Дания Рахимова 10 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ержан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Ерлан Мансұров 9 жылға бас бостандығынан айырылды;
Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры) 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Андрей Ча 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Самат Қасенов 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
Мейірхан Шерниязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін Маңғыстау облысында қаржы пирамидасын құрушы 1 млрд теңгеден астам шығын келтіргенін жаздық.
Маңғыстау облысында салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген «Капитал мечты» қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жіберілді.
Ұйымдастырушы «Капитал Мечты» ЖШС қаржы пирамидасын құрып, басшылық еткені. Сондай-ақ ол мүлікті сенімгерлік басқару және ай сайын салынған ақшаның 10 пайызын төлеп отыру шарты негізінде салымшыларды тартқан. Сөйтіп қылмыстық әрекет нәтижесінде салымшыларға 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қаржы пирамидасының басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.