Жаңалықтар

ҰҚК Қазақстанда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған Ауғанстан азаматтарын ұстады

заңсыз көші-қон
Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған шетелдіктер лауазымды тұлғаға пара беру кезінде ұсталған / Фото: kursiv.media

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан арқылы Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз адам өткізіп келген Ауғанстан азаматтарын ұстады. Бұл жайлы ҰҚК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҰҚК ШҚ «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе, прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстан азаматтарының Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Комитет осы жылдың 16 наурызы күні Ауғанстанның 4 азаматын лауазымды тұлғаға 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру кезінде құрықтаған.

Олар бұл қаражатты шетел азаматтарын Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы заңсыз тасымалдау ұйымдастыру үшін берген.

Комитет хабарлауынша қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Ал күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынған.

Еске сала кетсек, өткен жылдың жазында ҰҚК Атырау облысында заңсыз көші-қон арнасын анықтады. Бұл іс бойынша ешкім ұсталмаған. Ол кезде Қылмыстық іс бойынша жан-жақтылық, толықтылық пен объективтілікті қамтамсыз етуге бағытталған бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланған.

Ал өткен жылдың аяғында ҰҚК Алматы әуежайында шетелдегі террорлық ұйымға қосылуды көздеген азаматты ұстады.  Күдікті бұрын ол ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған. Сондай-ақ ол террористік әрекеттерді қаржыландырды деп күдіктелуде.

Сонымен бірге өткен жылдың желтоқсан айында ҰҚК терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының тұрғынын құрықтады.

«2023 жылғы 27 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу әрекеттері барысында тұрғылықты жері бойынша діни әдебиеттер тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», делінген баспасөз хабарламасында.

Осы орайда комитет әлеуметтік желілерде таратылатын радикалды идеологияның, әсіресе, жастарға деструктивті әсер ету қаупі туралы ескертеді. Осы орайда экстремистік мазмұндағы интернет-ресурстарына кіруден бас тартуды, ал ата-аналарға балалардың радикалды әрі терроризмді насихаттайтын сайттарға деген қызығушылығына ден қойып, жауапкершілік алуды ұсынады.