Жаңалықтар

Мәскеудегі террактіден кейін, БҰҰ Париж Олимпиадасы «басты нысанаға» айналуы мүмкін деп алаңдайды

ООН назвали Олимпийские игры в Париже «первоклассной мишенью»
Парижде өтетін ойын лаңкестердің «басты нысанасына» айналуы мүмкін бе? Фото: Reuters

БҰҰ бақылаушылар тобының үйлестірушісі Эдмунд Фиттон-Браун Мәскеудегі жағдай аясында биыл жазда Парижде өтетін Олимпиада ойындарына алаңдайтынын білдірді. Бұл туралы РБК басылымы The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Мен Париждегі Олимпиада ойындарына алаңдаймын», – деп The New York Times Эдмунд Фиттон-Браунның сөзін келтіреді. «Олар террористердің басты нысанасы айналуы мүмкін».

Олимпиада ойындарының биыл Парижде 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтуі БҰҰ-ның алаңдауына себеп болып отыр. NYT басылымының жазуынша, лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі басқа да батыс сарапшылары да осындай пікірде. Олардың пайымдауынша, Мәскеудегі Крокус Сити Холлдағы теракт «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Еуропа елдеріне, әсіресе Франция, Бельгия және Ұлыбританияға қарсы шабуылын еселеуге итермелеуі мүмкін.

Басылым БҰҰ баяндамасына сілтеме жасай отырып, «Ислам мемлекеті» жүзеге асырғысы келетін, Еуропа аумағында аяқталмаған операциялық жоспарлардың» бар екені туралы жазады.

«Крокус Сити Холлдағы» теракт 22 наурыз күні кешке болған. Шабуыл салдарынан 154 адам зардап шекті, Мәскеу облысы денсаулық сақтау министрлігінің жаңартылған тізімі бойынша, 137 адам қайтыс болған.

«Крокус Сити Холлдағы» терактіден кейін Франция президенті Эммануэль Макрон Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік кеңесін шақырды. Террорлық қауіп деңгейін ең жоғары деңгейге көтеру туралы шешім қабылданды. BFMTV арнасының хабарлауынша, олар Олимпиада ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 мыңға жуық адам тартуды көздеп отыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев терроризмді мүлде ақтауға болмайтынын, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.

Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді.