Жаңалықтар

2024 жылы Алматыда инфляция 7-8% құрайды – Досаев

Алматыда инфляция
Алматыда іскерлік белсенділіктің артуы негізінде инфляция 7-8% деңгейінде болады деп күтілуде / Фото: kursiv.media

2024 жылы Алматыда инфляция 7-8% деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға сапары кезінде қала әкімі Ерболат Досаев айтқан.

Әкімнің айтуынша, Алматыда іскерлік белсенділіктің өсуі инфляция деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етеді. Мәселен, ақпан айында жылдық инфляция қарқыны 2023 жылғы желтоқсандағы 10,2%-дан ағымдағы жылғы қаңтардағы 9,9% – ға дейін төмендеген.

«Алматыда инфляция баяулап жатыр. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, ел экономикасының барлық негізгі салаларында іскерлік белсенділіктің кеңеюіне байланысты үш ай қатарынан инфляциялық күту төмендейді. Осы факторларды ескере отырып, 2024 жылы Алматыда инфляция 7-8% деңгейінде болжанады», – деді шаһар басшысы.

Жалпы алғанда 2024 жылға ҚР Үкіметі ел бойынша инфляцияны 6,5% деңгейінде, ал Ұлттық банк 7,5 – 9,5% деңгейінде тұрақтайды деп болжайды.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Қазақстан үшін инфляцияның ең оңтайлы деңгейі 5-7 пайызды құрайды деп тұжырымдайды.

Елдегі жылдық инфляция 9,8%-ды құрап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 8,5%, азық-түлік емес тауарлар 9,1%, қызметтер көрсету 12,4%-ға өскен.

Былтыр ел Үкімет елдегі инфляция деңгейін төмендетуге бар күш-жігерін салды. Өйткені 2022 жыл ел экономикасы үшін ауыр тиіп, елдегі инфляция шарықтап кетті.

Нәтижесінде 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал өткен жылдың наурызында бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфляцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы 2023 жылы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деп мәлімдеген.

Жыл соңына қарай Үкімет қойған межесіне жетіп, Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады.