Ұлытауда жұттың алдын-алуға күзде 1,4 млрд теңге бөлінген – Ауыл шаруашылық министрі жылқылардың не себепті қырылғанын түсіндірді

Жарияланды
конина
Министр елде жылқы саны 4 млн бастан асатынын, сол себепті жылқы еті қымбаттамайтынын айтты / Фото: shutterstock

Ұлытауда жұттың алдын-алуға күзде 1,4 млрд теңге бөлінген. Бірақ соған қарамастан, аштықтан талай шаруаның жылқысы қырылды. Бұл жайлы Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Журналистер аграрлы елде ауыл шаруашылығы саласының нашар дамуының себебі мен бағалардың өсу себебін сұрады.

«Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанның баға өсімі жөнінен ЕАЭО бойынша көш бастап тұруының себебін ауыл шаруашылығының нашар дамуымен байланыстырады. Қалай ойлайсыз, неге елімізде бұл сала дұрыс дамымай жатыр?», –деді журналист.

Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Ол бұл саланың 90-шы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда дамығанын жеткізді.

«Ауыл шаруашылығы нашар дамып жатыр деуге келмейді. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. 90-шы жылдармен салыстырғанда біраз дүние реттелді. Сол кезде ауыл шаруашылығы саласының күйі қандай болғанын бәріңіз білесіздер. Әрине, проблема бар. Сол үшін де біз талдау жүргізіп, қай салада кемшіліктер бар екенін анықтадық. Қазір соларды шешумен айналысып жатырмыз», – деді министр.

Айтуынша, ауылшаруашылығы саласының дамуына өндіріс саласындағы кемшіліктер кедергі келтіреді. Олар:

  • Ауылшаруашылық дақылдарына уақтылы диверсификация жасалмайды;
  • Агротехнологиялар қолданылмайды;
  • Минералдар мен тыңайтқыштарды қолдану жолға қойылмаған.

«Біз қазір әкімдіктерге тапсырма бердік. Ендігіден бастап басқаша жұмыс жүргізетін боламыз. Сапалы дәнді-дақылдар егу, тыңайтқыштар мен минералдар қолдану талап етілетін болады. Яғни астықпен, егістікпен айналысатын шаруалардан толықтай аграрлық технологияны сақтауы керек болады. Жұмысты енді бастадық», – деді Сапаров.

Ол сонымен бірге мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мақсаттарға қаражат бөлінгенін айтты. Атап айтқанда 140 млрд теңге Аграрлы кредиттік корпорация, 40 млрд теңге Азық-түлік корпорациясы арқылы бөлінген. Ал 100 млрд теңге жергілікті қаржыландыру есебінен пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға беріледі.

«Жалпы алғанда 425 млрд теңге қосымша қаражат тарту көзделген. Мұның барлығы аграрлы салаға кетеді. Егер біз барлық талаптарды орындасақ, осы жылдың өзінде жақсы табыс алуға болады. Десе де бірінші жылы айтарлықтай табысты болмауы мүмкін. Ал екінші жылдан бастап, нәтиже көре бастаймыз деп ойламын», – дейді министр.

Ұлытаудағы жұтқа байланысты жылқы еті қымбаттай ма?

Журналистер Ұлытаудағы жұт мәселесін қозғады. Өңірде жүздеген жылқы қырылған. Ал министрліктегі мәлімtттерде қырылған мал саны азайтылып көрсетілгенін айтқан БАҚ өкілдері, мұның себебін сұрады.

«Министрлік бұл мәселемен айналысып жатыр. 1 наурызда біз Ұлытау облысына шықтық. Ол жерде қазір вице-министр өкілетті органдармен бірге мал шығынан есептеп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылқылардың қырылғаны белгілі болды. Біріншіден, күзде жем-шөп дайындаған кезде барлық облыс жем-шөп қоры бар деп есеп берген болатын. Бұдан бөлек Ұлытау өңіріне 1 млрд 400 млн теңге жем-шөпке субсидия бөлінген. Ол қаражат тек жем-шөпке бөлінген. Соған қарамастан, 360 бас жылқы қырылған. Неге бұлай болғанын қазір анықтап жатырмыз. Менің айтпағым, бұған әкімшілікпен бірге, мал иелері де жауапты. Мәселен, біз Ұлытауда қырылған 360 жылқының иесін таба алмай жатырмыз. Қырылған жануарларлардың дені қаңғып кеткен. Яғни оларды иелері жібере салған. Олар малдың жем-шөбін қамдап алуы керек болған. Шаруалар жем-шөп алуға жағдайы болмаса, әкімдіктерге жүгінуі керек», – дейді Сапаров.

Министр жылқының қырылуына байланысты жылқы етінің қымбаттауы күтілмейтінін, елде жылқы басы көп екенін айтты.

«Жылқы еті қымбаттамайды. Өйткені елде 4 млн-нан астам жылқы басы бар. Сол себепті бағалар өседі деп ойламаймын», – деді министр.

Қанша жылқы қырылды?

Министрдің мәліметі Ұлытау тұрғындары келтірген мәліметтермен еш сәйкеспей тұр. Өңір халқының мәдіметінше далада жатқан өлекселердің саны 2000-ға дейін жеткен. Мәселен, 20 жылға жуық жылқы баққан Ералиев ауылының тұрғыны, жағдайдың күрделеніп бара жатқанын айтуда. Кейінгі айда өзі баққан 100 шақты жылқысынан айырылыпты. Жайылымға 30 жылқы айдап барып,  11-ін ғана аман алып қайтқан.

Мұнда да жергілікті әкімшілік жұрттың «2000-ға жуық мал басы қырылды» дегенін шындыққа жанаспайтынын айтқан. Облыс әкімдігінің санағы бойынша сол кезде арам қатқан жылқылардың саны небәрі 60-70 басты құраған.

Бірақ соңғы деректерден өлген жылқы санының ауыл тұрғындарының мәліметіне жақындап қалғанын аңғаруға болады.Ұлытау облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес өлексе саны 1367-ге жеткен. Бұл сан Жаңаарқа ауданында мал өлекселерін тазалау жұмыстары кезінде анықталған.

«Қазіргі уақытта әр ауылдық округтің әкімдіктері мен шаруа қожалық иелері және ауыл белсенділері біріккен арнайы жұмысшы топ құрылған. Бүгінгі таңда жиналған өлексе саны – 1367. Далада табылған жылқылардың иелерін және өлген мал басының санын анықтау жұмыстары әлі де жалғасады. Ветеринариялық-санитариялық қорытындыға сәйкес, жылқы малының індеттен емес, аштық пен қатты аяздың салдарынан өлгені нақтыланды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Бұл қазіргі статистика. Қырылған жылқының нақты саны жұмыс аяқталғанда белгілі болады.

Әкімдік хабарлауынша жылқы малы толық жеке меншік иелігінде. Сондықтан оларды арнайы базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру сияқты жұмыстар мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Ал жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.

Сондай-ақ оқыңыз