Жаңалықтар

4 млрд теңгеге аукционға шығарылған: Қайрат Боранбаевтан қайтарылған қонақүйді ешкім алмады

Қайрат Боранбаевтан
Қайрат Боранбаевтан қайтарылған қонақүй 15 наурызда аукционға шығарылған / Фото: e-auction.gosreestr.kz

Қайрат Боранбаевтан қайтарылған «КОМФОРТ ОТЕЛЬ АСТАНА» қонақүйі әлі де мемлекет меншігінде. Аукционға шығарылған қонақүйді ешкім сатып алмаған.

Қонақүй «Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің меншігінде тұр. Мекеме бұл нысанды 3 919 431 715 теңгеге аукционға шығарған. Алайда сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі аукцион өтпей қалған.

Шартқа сәйкес объектіні алған адам берілетін мүліктің аумағын қонақүй бизнесін жүргізу мақсаты бойынша қатаң пайдалануы тиіс. Сонымен бірге құжатта сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген уақытта Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен объектіні есепке алуды және сақталуын қамтамасыз етуге, қажет болған кезде оған жөндеу жүргізу, объектіге зақым келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеу, ол зақымдалған немесе жойылған жағдайда теңдей мүлікпен ауыстыруға міндетті екені жазылған.

Еске сала кетсек, Миллиардер Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» қонақүйі мемлекеттік электрондық сауда алаңына 15 наурыз күні орналастырылған болатын. Аукцион құжаттарында нысанға тек бір адам ие бола алатыны және жаңа иесі қонақүйді және оған іргелес аумақты мақсатқа сай пайдалана алатыны жазылған.

Боранбаевтың тағы қандай мүлкі мемлеккетке қайтарылды?

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. . Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың  құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.