Қазақстанда жаңа шетелдік банктердің бөлімшелері ашылуы мүмкін. Қытай, Оңтүстік Корея және Түркияның ірі банктерімен филиалдар ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов мәлім етті.
Агенттік төрағасының орынбасары мемлекет басшысының Қазақстанда банк секторында бәсекелестікті кеңейту жөніндегі тапсырмасы барын еске салды. Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазіргі уақытта бірқатар шетелдік қаржы институтты елімізде еншілес банк филиалдарын ашуға қызығушылық танытқан.
«Қазақстанға қандай банк келеді дегенге келсек. Бірқатар банктерді қарастырып жатқанын білеміз. Иә, қызығушылық бар. Біріншіден осы айтып өткен Қытай, Оңтүстік Корея елдерімен біз экономикалық сауда-саттық тұрғысынан тығыз байланыстамыз. Олар біздің кәсіпкерлерді біледі. Олардың біздің елде бизнестері бар. Қазірдің өзінде бұл мемлекеттердің Қазақстанда еншілес банктері бар. Мәселен,бізде Қытайлық екі банк бар: Bank Of China, ICBC, Кореяның SHINHAN bank-і. Сондай-ақ бізде BNK Finance Kazakhstan микроқаржылық ұйымы (Оңтүстік Корея)бар. Бұдан бөлек Al Hilal банкі бар. Бұл қаржылық институттардың бизнесте айтарлықтай тәжірибесі бар. Сондықтан олар бірінші кезекте қазақстандық нарыққа кіруге қызығушылық танытары сөзсіз. Ол үшін банк секторындағы кейбір кедергілерді алып тастап, заңға бірқатар өзгерістер енгізу керек», – деп мәлімдеді агенттік өкілі.
Нұрлан Әбдірахманов шетелдік банктердің пайыздық мөлшерлемесі Қазақстандағы базалық ставка бойынша жұмыс істейтінін айтты. Агенттік өкілі «шетелдік банктер Ұлттық банк бекіткен базалық ставка бойынша бизнеске несие берсе, оның елдегі бизнес субъектіге қаншалықты пайдасы бар», – деген сауалға жауап берді.
«Қазір елімізде 21 банк бар. Қазір нарықта концентрация бар. Бұл әдейі істелген жоқ, объективті түрде солай қалыптасты. Мен баяндамамда 2020-2021 жылдарға дейін бізде Альфа банк, Сбербанк және ВТВ банк. Сол сияқты 3 ресейлік банк жұмыс істегенін айтқан едім. Қазір ВТВ-дан басқасы елімізде жұмыс істемейді. Ал ВТВ-ның қызметі бүгінде шектелді. Олар бизнеске несие беріп, жергілікті банктермен бәсекеге түсті. Нәтижесінде кредит бойынша ставканы төмендетті. Сондай-ақ бұл кәсіпкерлерге несие алуға мүмкіндік берді. Сондықтан бізде осындай банк бар, осы жеткілікті деген ереже жоқ. Бізге капиталы бар, тәуекелге бара алатын ірі банктер керек», – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.
Жаңа шетелдік банк филиалдары туралы жолдауда айтылды
2023 жылғы Мемлекет басшысының қыркүйектегі жолдауында Қазақстанда үш жаңа шетелдік банктің филиалдары ашу туралы тапсырма берген еді.
«Елімізде 21 қаржы ұйымы қызметін жалғастыруда. Бұл ретте бірнеше ірі банктер ғана корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен айналысады. Сондықтан ұлғайту мақсатында бұл саладағы бәсекелестік үшін елімізге сенімді шетелдік үш банк тартылуы керек», – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте сарапшылар Қазақстан нарығына шетелдік банктер келсе, несие беру саясаты тұтынушыларға тиімді. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне де маңызды болады, деп топшылауда.
Қазір елімізде 21 екінші деңгейлі банк бар. Оның 11-і шетелдік банктің қатысуымен жұмыс істейді. Ал 8-і халықаралық банктің еншілес қаржы ұйымы. Экономистер, сырттан келетін үш банк кәсіпкерлікке серпін беретіне сенімді. Алайда бұған күмәнмен қарайтындар да бар.
Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан қызығушылық бар
Арада үш ай өтсе де елімізге нақты қандай қаржы ұйымдары келетіні белгісіз. Сенатта еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған үкімет сағатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық барын мәлімдеген.
«Біз бұл бағытта Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропадағы инвесторлар тарапынан белгілі бір қызығушылық бар. Яғни, бұл жұмысты Үкіметпен бірге жүргізетін боламыз. Ірі халықаралық банктерді тарту банк нарығындағы бәсекелестікті арттырып, тиісінше халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, экономиканы несиелендірудің кеңеюіне әкеледі деп ойлаймын», – деген еді агенттік төрағасының орынбасары.
Шетел банктеріне қандай талаптар қойылады?
Қазақстанда шетелдік банк немесе бөлімшесін ашуға қойылатын заң талаптары жеңілдемек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл Ұлттық банкпен бірлесіп заң жобасын әзірлейді. Ондағы мақсат – сенімділігі жоғары шетелдік банктерді Қазақстан нарығына тарту. Бөлімше ашуға керек құжаттардың тізімі қысқарады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сенімділігі жоғары шетелдік банктерді елге тарту үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп шетелдік банктерді немесе олардың филиалдарын ашу тәртібіне қойылатын қолданыстағы талаптарды ырықтандыру туралы заң жобасын әзірлейді. Онда құжаттар тізбесін қысқарту және Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қойылатын реттеушілік талаптарды төмендету көзделеді», – делінген хабарламада.
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік банктер үшін талап жеңілдетілетіні былтыр жазда белгілі болған. Ол кезде агенттік Ұлттық банктің № 385 қаулысына өзгеріс енгізуді көздейтін құжатты «Ашық НҚА» порталына шығарған.