Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 450 үйді қарғын су басып қалды

су басып
БҚО-да 450 үйді су басты. Фото: ҚР ТЖМ

Батыс Қазақстан облысында 455 үйді қарғын су басып қалды. Құтқарушылар тұрғындарды қайық және тікұшақпен эвакуациялап жатыр.

ТЖМ мәліметінше, 455 тұрғын үй, 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертөле үй-жайы, 17 әлеуметтік нысан су астында қалған.

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға 953 адам мен 411 техника жұмылдырылған.

«Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 21440 дана инертті материалдары бар қаптар төселді», – делінген хабарламада.

28 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Қоржын ауылы су астында қалған. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев сол жаққа барып, тұрғындармен кездескен. Облыс билігі келтірілген шығынды өтеп, қажетті көмек көрсетуге уәде берді.

Қай өңірлерде төтенше жағдай жарияланды?

Қалың қар еріп, қарғын су елдімекендерді басып жатқандықтан, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып жатыр.

27 наурызда Орал көшелерін қарғын су басып қалған соң, қала әкімі Миржан Сатқанов төтенше жағдай жариялады

Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандар су астында қалған. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

 Абай облысының Аягөз ауданында да төтенше жағдай енгізілді. Аягөз ауданындағы «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, көпірдің жол төсемін шайып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр.

28 наурызда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді. Құтқарушылар Жангелдин және Амангелді аудандарында 45 адамды құтқарған.

Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай мәз емес. Қарғалы өзіне тасып, жағалай салынған үйлерді су басып қалған. Сондықтан бұл ауданда да төтенше жағдай енгізілді.

Бұған дейін ҚазАвтожол еліміздің 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылғанын хабарлады.