Жаңалықтар

Астана соты ҰҚК-нің «Назарбаев университеттен» 12 млн теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырды

Астана соты ҰҚК-нің «Назарбаев университеттен» 12 млн теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырды / коллаж kursiv.media

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Назарбаев университіне» қарсы талабын қанағаттандырды.

«Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымынан мемлекет кірісіне 12 038 750 (он екі миллион отыз сегіз мың жеті жүз елу) теңге, мемлекеттік баж есебіне 361 162 (үш жүз алпыс бір мың бір жүз алпыс екі) теңге мөлшерінде өсімпұл өндірілсін», – деп шешті сот.

Яғни 2024 жылдың 18 наурызында өткен сот отырысынан кейін жалпы алғанда «Назарбаев университет» 12 399 912 теңге төлеуі қажет. Университет шешімге байланысты аппеляциялық сотқа шағым түсіре алады.

Сот материалдарына сәйкес, тараптар 2021 жылдың 13 шілдесінде 2021 жылдан 2023 жылға дейін «Интеллектуалды криптографиялық жүйелер: аппараттық-бағдарламалық кешенді әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын нысаналы қаржыландыруға шарт жасалған

Шарттың 1.2-тармағына сәйкес негізгі кезеңдердің мазмұны мен орындалу мерзімдері күнтізбелік жоспармен айқындалады. ҰҚК сотта университеттің өз міндеттерін уақытылы орындамағанын алға тартып, одан айыппұл өндіру туралы талап қойған.

Келісім шарттың 3.1-тармағының 8) бөлігіне сәйкес университет SSL/TLS – трафикті машинамен шифрлау үшін АӨК әзірлеуге келіскен. Алайда өз міндетін орындамаған.

Азаматтық кодекстің 293-бабының 7.4-тармағына сәйкес міндеттер орындалмаған жағдайда бір жылға келісілген сомманың 10% төлеуге міндеттеледі. Талап қою есебіне сәйкес шарттың жалпы сомасының 10% мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбының сомасы – 12 038 750 теңгені құрайды.

Айта кетейік, сот материалдарында осыған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 8 қарашадағы шешімімен университет 2022 жылғы шарт сомасынан 29 022 540 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеліп, өндіріліп алынған.

Осыған дейін «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерін» мемлекеттік қаржыландыру жыл сайын қысқаратынын хабарлаған едік. Бұл туралы маусым айында бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеген болатын.

Оның дерегінше, Үкімет осы екі мекемені қаржыландыруды жүйелі түрде қысқартуды мақсат етіп отыр.

«Назарбаев университетіне 1,8 миллиард теңге бөлінді, бұл соманы жылдан жылға азайтамыз. Республикалық бюджет қалыптасып жатыр. Оны міндетті түрде қайта қараймыз. Үнемделген қаржыны басқа мақсатқа пайдалану маңызды», – деп қосты қаржы министрі .

Сонымен қатар, НУ-дегі тағайындау туралы жазған едік. Бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оның атқарушы вице-президенті болып тағайындалды.

Айта кету керек, «Назарбаев университеті» – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған. Алғашқы студенттерін 2010 жылдың қыркүйегінде қабылдай бастады.

Университет жеке білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Университет қызметі «Назарбаев Университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» туралы арнайы заңмен реттеледі.