Елде энергетикалық хаос орнай ма? Электр қуатымен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы өкіметке үндеу жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы дабыл қақты / Фото: kursiv.media

Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары Үкіметке жаппай шағым түсіруде. Электр энергиясы саласында 1 сәуірден коллапс орнауы мүмкін деп дабыл қаққан  энергетиктер Ұлттық Экономика және Энергетика министріне үндеу жолдады. Оған себеп – аталған ұйымдардың қызметіне тыйым салынуы. Кәсіпорындар электр энергиясын сатып алуға берілген негізгі лицензияларды қайтарып алу туралы шешіммен келіспейтіндерін жеткізді. Бұл олардың жұмысын тоқтатуға мәжбүр етеді.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының талабы қандай?

Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының бастамасымен өткен брифингте қауымдастық басшысы Сергей Агафонов  бірнеше мәлімдеме жасады. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы беймонополиялау туралы саясатына қарсы әрекет жасалып жатыр деп есептейді.

«Лицензияны тек сот арқылы ғана қайтарып алуға болады. Ұлттық заңнамада мемлекеттік органның бастамасы бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қарастырылмаған. Осы салада жүргеніме 24 жыл болды, бірақ мұндай жағдай болғаны есімде жоқ. Реттелмейтін энергия тасымалдаушы ұйымдардың сотқа жүгіну әрекеттері қазірдің өзінде басталды. Мемлекеттік органдардың әрекеті заңсыз. Ертең энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметіне тыйым салынған заң шықса, онда ешқандай сұрақ туындамайды. Бүгінде бұл хаос», – деді Сергей Агафонов.

Бүгінде қауымдастық атынан Ұлттық экономика және энергетика министрлігінің басшыларына хаттар жолданды. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне ашық хат жарияланды. Ұйым басшылары қазірдің өзінде лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жоюды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Бұдан бөлек кәсіпорындардың шығынын толық өтеу мәселесі де көтерілуде. Елде мұндай энергиямен жабдықтаушы ұйымдар 100-ден асады.  

Энергиямен жабдықтау нарығындағылар саланың бір бөлігі ретінде оларды жойғанымен, тариф құны төмендемейді дейді. Қауымдастықтың мәліметінше, электр энергиясының тариф құрылымын жабдықтау үстемесі 2-3 пайызды құрайды. Қалғаны – электр энергиясын өндіру мен тасымалдау шығындары.

«Реттелмейтін жеткізушінің сату бағасы кепілдік берушінің бағасынан жоғары болуы мүмкін емес. Әйтпесе, тұтынушының одан сатып алуының мәні неде? 1 шілдеден бастап, Қазақстанда электр энергиясының құны барлық өңірлер үшін шамамен бірдей болған кезде бәсекелестік жақсы дами бастады. Бұл жабдықтау үстемесінің төмендей бастағанын білдіреді. Мұның нәтижесінде біз тұтынушылардың ұйымдардан түрлі сервистерді алуы мүмкін екенін көреміз», – деп атап өтті Сергей Агафонов.

Қауымдастық төрағасының айтуынша, электр энергиясын беру және жеткізу функцияларын біріктіргеннен кейін, тариф бәсекелестіктің болмауына байланысты өсе бастайды. Сондай-ақ қауымдастық ұйымдардың жұмысын тоқтату төлем дағдарысына алып келеді деп есептейді.  

«Мәселен, реттелмейтін электр энергия жабдықтаушысы аванстық төлем жүргізсе, ал кепілік беретін жеткізушілер төлемді нақты факті бойынша  жүзеге асырады. Бұл мәселе тағы да бюджет қаражаты арқылы шешіледі. Қауымдастық жоғары тарифтер мәселесін шешудің басқа жолдарын ұсынады. Сатып алу қағидаттарын өзгерту керек.  Сондай-ақ монополист болып табылатын энергия тасымалдаушы ұйымдардың одағын құруды ұсынамыз», – деді ол.

Мәселенің түп- төркіні қайда жатыр

Қауымдастық өкілдері қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының үлкен секторы – электрмен жабдықтау секторына монополия орнату әрекеті жүріп жатқанын айтады. Электрмен жабдықтау секторы электр энергиясын жеткізу саласымен біріктірілмек.

Аталмыш сектордың жылдық айналымы орта есеппен 1,5 трлн теңгені құрайды. Бұл компаниялардың қызметін бүкіл ел тұтынады. Олардың қызметіне тыйым салынса, бүкіл ел жарықсыз қалмақ.

«Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» уәкілетті органдарға осы түйкілдерді жеткізген. Алайда құзырлы орындар бұл мәселеге көңіл аудармай, коллапс алдын алуға әрекет жасамай отырған көрінеді.

Осы және басқа да факторларды ескере отырып, «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» Қазақстан Республикасы Президентінің атына ашық хат жолдап, осы мәселені шешуге және бизнесті банкроттық, саланы монополизациядан сақтауға көмек көрсетуді сұрады. Электр энергиясымен қамтамасыз ету «жеткізу» және «жабдықтау болып» 2004 жылы екі салаға бөлінген. Ел үкіметі 2028 жылға қарай энергетика саласында қолданылатын құрал-жабдықтардың жалпы қосылған құнын 4,5 есе арттыруды жоспарлап отыр. 

Еске салайық таяуда Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин электр энергиясының тарифтерін негізсіз көтеріп отырған, ел аузында «ЭСО» деп аталып кеткен – энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тыйым салуды ұсынған еді. Депутат мәлімдегендей, осыдан 20 жыл бұрын либерализация және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында бәсекелестікті енгізу аясында – энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайда болған. Олар нарықта электр қуатын көтерме бағамен сатып алып және тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын компаниялар немесе жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда, дистрибьюторлық қызмет атқаратын делдалдар. Депутаттың сөзінше, реттелмейтін ұйымдар тарифтерін өздері белгілейді.

Сондай-ақ оқыңыз