Елімізде су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин хабарлады.
«Су тасқыны басталғаннан бері Азаматтық қорғаныс қызметтерімен 7800 адам, оның ішінде 2812 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті және Ұлттық Ұлан әуе кемелерімен 644 адам, оның ішінде 236 бала құтқарылды. Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 3,5 млн астам текше метр еріген қар суы тартылды. 300 мыңға жуық қапшық және 45 тонна арнайы материал төселді. Ақмола. Қостанай, Абай, Батыс, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары республикалық жедел штабтың бақылауында», – деді Қаһарман Оразалин.
Айта кетейік, еліміздің 6 өңірінде тәулік бойы ТЖМ «жедел желі» сенім телефоны іске қосылды.
Психологиялық және ақпараттық қолдау және көмек көрсету үшін ТЖМ-нің «жедел желі» телефондары жұмыс істейді.
Сонымен қатар Қостанай облысында зардап шеккендерге төлемдер беріле бастады.
«Отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңгеден 183 адам төлем алды. Шамамен бір отбасына орта есеппен 500-600 мың теңге бөлінеді. Барлығы 18 млн. теңгеден астам төленді», – делінген хабарламада.
Өңірде су тасқыны салдарын жою жөніндегі жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр.
Өңір әкімі жедел көмек көрсету, барлық мүмкін ресурстарды тарту бойынша нақты тапсырмалар берді.
«Үйге жарты сағатқа су кірсе де, бұл отбасылар зардап шекті. Ешкім мемлекеттің көмегінсіз қалмауы тиіс», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Көктемгі су тасу кезеңінде су қоймаларына тасқын суын жиналып жатыр.
Елімізде алдын ала республикалық меншіктегі барлық су қоймасында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалды:
- еліміздің солтүстігінде ірі су қоймаларының орта есеппен 68%ы толды. Бұл былтырмен салыстырғанда 7%-ға артық;
- оңтүстікте бұл көрсеткіш 80%-ға жетті;
- батыста, орта есеппен су жинау көрсеткіші – 71%, бұл былтырғыға қарағанда 6%-ға көп;
- шығыстағы су қоймаларының орта есеппен 60%-ы толды, бұл бір жыл бұрынғыдан 9%-ға артық;
- Орталық Қазақстанда бұл көрсеткіш 66%-ға жетті.
Еске сала кетсек, Қазақстанның біршама өңірін еріген қар суы мен тасыған өзен суы басты.