Беларусь президенті Александр Лукашенко өз елінің шекара маңында жер қазып, соғысқа дайындалып жатқанын айтты.
БелТА агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Лукашенко елдің соғысқа дайындалып жатқанымен, соғысқа қатысуды қаламайтынын атап өткен.
«Бізді соғысқа қатысқысы келеді дейтіндердің сөзіне сенбеңіз. Соғысқа дайындалып жатырмыз, бұл туралы ашық айтамын. «Бейбіт елде өмір сүргің келсе, соғысқа дайындал» дейді. Мұны мен ойлап тапқан жоқпын. Бірақ өте дұрыс айтылған», – деді Лукашенко Гродно қаласына барған ресми сапарында.
Ол өз елінде қажетті дайындық жүргізіліп, әскерге түрлі қару-жарақ пен техника жеткізіліп жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, «достық ниеті жоқ» елдерден біреу ренжіп, Беларусь елін сынға алса, Минск «дұрыс» шешім шығаратынын айтты. Алайда Беларуське ешкімнің жері керек емес екендігін, ешкімге сес көрсетуді қаламайтынын атап өтті.
23 қараша күні Минскіде құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей ҰҚШҰ басшыларының саммиті өткен. Онда Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұйымға төніп тұрған қатерге қатысты өз пікірін жария етті.
«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше-мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастыратынын айтты.
«Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістігін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр», – деді Тоқаев.
Осы арада саясаттанушы Асхат Қасенғалидің Минскте өткен ҰҚШҰ-ның кезекті жиыны ұйым ішінде алауыздықты сыртқа шығарғаны жайлы айтқанына тоқтала кетсек. Саясаттанушы Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметін 1 жылға жуық атқарып келе жатқанын, осы уақыт аралығында оның аузынан бірнеше мәрте «ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттерге қауіп төніп тұр» деген риторикадағы мәлімдеме шыққанына назар аударды.
«Бұл тек Тасмағамбетов қана емес, Лукашенко айтып жүрген сөз. Тасмағамбетовтің осы ұйымға төрағалық етуі, яғни бас хатшы қызметіне кірісуі және Беларусь тарапының ұйымды бір жыл басқаруы бір уақытқа, бір мезгілге келді. Беларусь ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен кезеңде барынша антибатыстық мәлімдеме жасады. Бұл түсінікті жағдай, өйткені Беларусь Ресейді қолдаушы мемлекет. Минск пен Мәскеуге салынған санкция осы екі елді ғана әбігерге түсірмесін деген шығар, А.Лукашенко ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттерді қақтығысқа тарту амалдарын жасауға тырысты. Оны мәлімдемелерінен естідік. Қазақстан президенті айтқан сөздің астарында ҰҚШҰ-ға мүше-мемлекеттер Ресей мен Беларусь бастаған әскери авантюраға қатысуды қаламайды деген ой жатыр. Белгілі нәрсе, біз 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық еткенде А.Лукашенко сияқты мәлімдеме жасамаймыз», – деді Асхат Қасенғали.
2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Бұған қоса, Беларусь – Украина аумағынан бөлініп шыққан бірнеше облысты жеке мемлекет немесе Ресей территориясы ретінде мойындаған санаулы елдің бірі. Ал Қазақстан Украинаның 1991 жылы бекітілген территориясы сақталуын қолдаған.