Nostrum Oil & Gas PLC 80% үлесін иеленетін «Позитив Инвест» компаниясы 2026 жылдың аяғында Батыс Қазақстан облысындағы Каменско-Тепловско-Токаревское кен орнында көмірсутегін өндіруді бастауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына ұсынған құжатында жазылған.
Компания кен орнын игерудің бірінші кезеңіне қатысты түпкілікті инвестициялық шешім қабылдады.
«Өндірістің басталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған»,– деп жазылған KASE-ге жолданған хабарламада.
Бірінші кезең аясында компания негізгі коллекторларда төрт өндіру ұңғымасын бұрғылайды. Қайта алынатын қорлардың әлеуеті жылына 30-50 миллион баррель мұнай эквивалентінде бағаланады. Ұңғылардан шикі жоғары күкіртті газ және сұйық фракциялар өндіріледі. Олар «Чинаревское» кен орнының өңдеу кәсіпорындарына ұзындығы 120 км көпфазалы магистральдық құбыр арқылы жеткізіледі.
Кен орнын игерудің бірінші кезеңі үшін салынатын болжамды қаржы көлемі 100 млн долларды құрайды.
Айта кетейік, ұлыбританиялық ICU Holdings Limited, EMOV Caspin Holdings Limited және Amundi тиеселі Nostrum Oil & Gas PLC «Позитив Инвест» компаниясының 80% үлесін 20 млн долларға сатып алған еді. «Каменско-Тепловско-Токаревское» кен орнындағы барлау жұмыстары өткен жылы басталған. Кен орнын игеру құқығы 100% Nostrum Oil еншілесі – «Жайықмұнай» компаниясына тиеселі. 2020 жылы аталған компания миллардер Тимур Құлыбаевқа тиесілі деген ақпарат тарады.
Бұған дейін Nostrum Oil & Gas мұнай компаниясы AIX-тен толық кеткені туралы хабарлаған еді.
Nostrum Oil & Gas Plc – мұнай және газ өндіру, сондай-ақ Каспий бассейніндегі мұнай және газ кен орындарын барлау және игерумен айналысатын тәуелсіз компания.
Негізгі акционерлері – Ұлыбританияда тіркелген ICU Holdings Limited, EMOV Caspin Holdings Limited және Amundi. Компания Ұлыбританияда да тіркелген, бірақ мұнай мен газды барлау және өндіру қызметін Қазақстанда жүргізеді.
2023 жылы І жартыжылдығында Nostrum Oil-дың мұнайдан түскен пайдасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмендеген. Сол кезеңде топтың кірісі 52,8 миллион долларды құрады. 2022 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 107,8 миллион доллар болған.
Компанияның негізгі активі – еншілес кәсіпорны – «Жайықмұнай» басқаратын «Чинаревское» кен орны. Бұл кен орнындағы жер қойнауын пайдалану құқығының 100 пайызы «Жайықмұнай» компаниясына тиесілі.
Жақында мемлекет «Жайықмұнай» компаниясынан 11 млрд теңге өндіріп алды. Кәсіпорын салық сомасын төмендеткені үшін 2 млрд теңге айыппұл төледі. Сонымен қатар салықтарға қосымша есептеу жүргізу нәтижесінде мемлекетке 9,5 млрд теңге өндіріліп алынды.