Жаңалықтар

«Бипэк Авто Қазақстан» жалға алған 170 гектар орман алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды

Прокуратура ВКО забрала почти 170 гектаров лесов у «Бипэк Авто Казахстан»
Фото: kursiv.media

«Бипэк Авто Қазақстан» 49 жылға жалға алған 170 гектар орман алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты осындай шешім шығарған.

Ауданаралық экономикалық соты Өскемен орман шаруашылығының «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ-мен орманды ұзақ мерзімді пайдалануға жалға беру шартын бұзу туралы талабын қанағаттандырған.

Істің мәні

2015-2017 жылдары мемлекет «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ-ға мемлекеттік қордан орман алқабын 49 жылға жалға берген. «Орман кодексіне» және шарт талаптарына сәйкес, Орман пайдаланушы жыл сайын орман алқабын пайдалану құқығына орман билетін алу, өрттің алдын алудың жедел жоспарын әзірлеу және Орман шаруашылығымен келісу үшін ұсыну, сондай-ақ өз қаражаты есебінен уақытында жүзеге асыруға міндеттелген

Алайда жалға алушы жоғарыда аталған шарттарды сақтамаған. Оған қоса «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ орманды жерде заңсыз құрылыс жүргізген. Компанияның орман қорының жер учаскесінде құрылыс салуға еш рұқсат қағазы болмаған. Бұл «Орман кодексінің» 40-бабының талаптарын басшылыққа ала отырып шартты бұзуға негіз болады.

Сол себепті Өскемен орман шаруашылығы компаниямен келісімшартты бұзу туралы сотқа шағым түсірген. Сот шешімімен мемлекеттік мекеменің талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен және сот актісімен келісіп, 169,7 гектар жер мемлекеттік орман қорына қайтарылған.

«Бипэк Авто Қазақстанның» негізін 1992 жылы кәсіпкер Анатолий Балушкин қалаған. Кейіннен компания «БИПЭК Авто – Азия Авто» холдингіне айналды.

2020 жылы компания қиындықтарға тап болды. Индустрия министрлігі компаниямен келісімшартты бұзып, 174 миллиард теңгені қайтаруды талап еткен. Бұл компания алған түрлі жеңілдік көлемі. 2021 жылдың наурыз айында акционерлік қоғамда жаппай қысқарту орын алып, өндіріс ақыры тоқтады. Бірақ акционерлер бюджет шығындарының орнын толтыруға асықпаған.

Компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге 2021 жылы іздеу жарияланған, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі. Сол кезде кәсіпорын мемлекетке 174 млрд теңге қарыз еді.

Акционері шетелге қашқан соң, жергілікті билік кәсіпорынның бойына қан жүгіртуге тырысып бақты. ШҚО экс-әкімі Даниал Ахметов сот істері аяқталған соң, салынбай қалған зауыт құрылысы аяқталатынын мәлімдеген.

Қазіргі кезде «Бипэк Авто Қазақстан» компаниясын Владимир Попов басқарады. Алайда e-gov анықтамасында қатысушыларының саны төртеу деп көрсетілгенімен, негізгі акционерлері жазылатын баған бос тұр.

Жақында Жоғары сот Jusan Bank-тің де  «Бипэк Авто Қазақстанға» қарсы талабын қанағаттандырды.