«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның экс-басқарма төрағасы Асқар Муратұлы ақша жымқыру фактісі бойынша ұсталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен Бас көлік прокуратурасының жұмыс үйлестіруімен бір көзден алу жолымен бюджеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру күдігімен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның экс-басқарма төрағасы А.Муратұлы ұсталды»,- делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша сотпен күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Асқар Мұратұлы 2021 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалған.
Ол 1976 жылы бұрынғы Семей облысында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан техникалық университетін және Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысы сауда және қызмет көрсету департаментінің инспекторы ретінде бастаған. Әр жылдары «Қазақавтожол» РМК Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстық филиалдарының директоры болып қызмет еткен.
2007-2012 жылдары – Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің сарапшысы, Жамбыл облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2012-2015 жылдары – Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, 2015-2017 жылдары — Зеренді ауданының әкімі қызметін атқарған.
2017-2019 жылдары – Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, содан кейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары болған.
«Қазавтожолдағы» олқылықтар
Еске сала кетсек, 6 наурызда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Астана-Петропавл» автожолына жауапты филиалы 605 тасымалдаушыдан негізсіз ақша ұстап келгені хабарланған еді. Тасымалдаушылардың құқы бұзылғанын Көкшетау қаласының көлік прокуратурасы анықтаған. Құзыретті орган ақылы учаскелерде жол жүру ақысын төлеу бойынша заңнаманың сақталуына талдау жүргізген. Тексеріс нәтижесінде 605 кәсіпкердің 3,5 млн теңгесі негізсіз алынғаны белгілі болған.
Өткен жылдың қазан айында Көлік прокуратурасы «ҚазАвтоЖолдың» 69 мың автожүргізушіге 38 млн теңге төлемін кері қайтаратынын хабарлады.
Қарағанды көлік прокуратурасы тексеру барысында автокөлік жүргізушілерінің құқықтарына қайшы келетін талаптарды анықтаған. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» тіркеу нөмірін ауыстырған жүргізушілердің есебіндегі қаражатты қайтармаған.
Прокуратураның араласуынан кейін ғана тұтынушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Ұлттық оператор өз мүддесі үшін дұрыс жұмыс жүргізбген болып шықты. «ҚазАвтоЖол» қызметін тұтынатын 138 мың адам 3 жылда жалпы сомасы 50 млн теңге қарыз болған. Оларды қайтару мәселесіне оператор ден қоймаған.