Су тасқыны бойынша елдегі ахуал: 6 өңірде 1300-ден астам үй су астында, 64 елдімекенге көлік қатынай алмайды

Жарияланды
Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды / Фото: ТЖМ

Қазақстанның 6 өңірінде жағдай әлі де күрделі. Онда 1 364 жекеменшік тұрғын үйді су басқан. Бұл жайлы су тасқынына байланысты құрылған республикалық жедел штаб отырысында айтылды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, штаб отырысы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен өткен.

«3 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде 1 364 жекеменшік тұрғын үйді су басқан. Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елдімекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.

ТЖМ басшысының хабарлауынша су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары тоқтамаған. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы қауіпсіз аймаққа эвакуациялаған.

Сонымен бірге ТЖМ су айдындарында мұз кептелісін болдырмау мақсатында мұз жару жұмыстарын қатар жүргізіп жатыр. Су тасқынына қатысты ахуалды бағалау үшін 1-3 сәуір аралығында вице-премьер  мен төтенше жағдайлар министрі Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағын әуеден барлаған.

Өңірлердегі жағдай

Ақмола облысының Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының аумағын, сондай-ақ Преображенский су торабы зерттелген. Бақылау барысында өңірдегі қар жамылғысы шамамен 76% құрайтыны анықталған. Осыған орай ТЖМ басшысы құтқарушылар мен техниканы Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының, Көкшетау және Қосшы қалаларының 17 елдімекеніне бөлуді тапсырған.

Ал Қарағанды облысының аумағында қар жамылғысы шамамен 34% құрайды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша облыста алдын алу іс-шаралары, оның ішінде жағалауды нығайту жұмыстары және қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдегі құтұару жұмыстарына барлығы 700-ге жуық адам және 118 бірлік техника жұмылдырылған. Қазір жағдай тұрақты. 

Қостанай облысы бойынша қар жамылғысы шамамен 71%-ды құрайды. 75 тұрғын үй мен 38 аула аумағын су басқан. Бұл елдімекендерге Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облысының құтқарушылары тартылған. Олар бүгінде жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

ТЖМ хабарлауынша Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұрақталған. Ал Жангелді ауданында жағдай әлі күрделі. Оған қоса алдағы күндері еліміз бойынша жауын-шашын және температуралық фонның күрт көтерілуі күтілуде, бұл қардың қарқынды еруіне әкеледі.

Ал Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Қарағай елдімекеніне су кірген.

«Қауіп төніп тұрған аумақтардағы тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жүргізілетін болады. Аудан тұрғындарының қауіпсіздіктері үшін төтенше жағдай бөлімі қызметкерлерінің нұсқамасын мұқият сақтау сұралады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Шығынды есептеу

Ал жағдай тұрақталған өңірлерде шығынды есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Қаржы министрі Мәди Тәкиев су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Министр бұл қаражат жетпесе, көмек үкімет резервінен берілетінін жеткізді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтты. Министр әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын жеткізді.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады. 

Сондай-ақ оқыңыз