Жүрілген көліктер сатылымы былтыр қандай деңгейде болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша да сол деңгейде тұралап қалған. Автокөлік саласының мамандары жүрілген автокөліктер нарығында 2024 жылы сатылымнан гөрі айырбас көп болатынына сенімді.
Қазақстанның қайталама автонарығындағы тоқырау үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Өткен жылы жаңа көліктердің сатылымы рекордтық деңгейге жеткен болса, жүрілген көліктер нарығында тек 0,6% ғана өзгеріс болған. Қазақстан автокөлік бизнесі қауымдастығы (ҚАБҚ) мен Қазақстан автокөлік одағы (ҚАО) мәліметі бойынша 2022 жылы 912 055 көлік сатылса, 2023 жылы бар болғаны 917 849 көлік қана сатылған.
Қаптаған қытайлық көліктер сауданы түсірді
Сарапшылар ресми дилерлік орталықтардың жаңа автокөліктерге қатысты көптеген тиімді ұсыныстарының болуы, жүрілген көліктер нарығында сауда өсімінің болмауына бірден-бір себеп деп отыр.
«Қазақстандықтар кепілдік беріп, сервистік қызмет көрсететін жаңа көліктерді таңдауда. Олар жасырын ақаулары бар көлік алғанша, сенімді көлікті мінуді жөн көреді. Сонымен қатар жаңа көлік алу үшін қаржылық құралдардың қолжетімді болуы да өз жемісін беруде», – дейді ҚАО басшысы Анар Макашева.
Жаңа көлік сатып алғысы келетіндер үшін қаржылық құралдар жетіп артылады. Тіпті жаңа көлікті бастапқы жарнасыз немесе артық төлемсіз бөліп төлеп сатып алуға болады. Оған қоса былтыр жылдың соңында дилерлер көліктің көптеген моделіне жеңілдік жасады. Оның ішінде негізінен қытайлық брендтерге көп жеңілдік болды.
Осының нәтижесінде бұрын тек жүрілген көлік алып жүргендердің таңдауы жаңа көлікке ауған.
«2023 жылы жүрілген көліктер саудасы өскен жоқ. Бұған жаңа көліктердің көптеп сатылуы мен брендтер арасындағы бәсекелестіктің жоғары болғаны әсер етті деп ойлаймыз. Бәсекелестік күшті болғасын, олар бағаны да түсіреді. Ал бұл жүрілген көліктердің бағасына да әсер етеді», – деп жауап берді Mycar жүрілген көліктер сататын салондар желісі. Олар былтыр да тек 2022 жылғыдай 6 мыңға жуық көлік сатқан.
«Жергілікті нарықты соңғы жылдары қытайлық көліктердің «жаулауы» бұрын тебілген көліктер саудасын сабярсытып жіберді. Олардың бағалары да қолжетімді және машиналары да жаңа», – дейді көліктерді алып-сатумен айналысатын Иса. Оның тебілген көліктерді сатып жүргеніне бірнеше жыл болған. «Бұрын бір айда жоқ дегенде үш көлік сатсақ, қазір бір айда бір көлікті әпірімдеп әзер сатамыз», – дейді.
Жүрілген көліктер саудасы
Алматыдағы ірі «Барыс» автонарығында Иса қазір 2008 жылғы Mercedes S500 4Matic көлігін 6,8 млн теңгеге сатуға шығарған. Салондарда сатылып жатқан қытайлық жаңа көліктерде шамамен осы бағадан басталады. Алайда көлік сатушының бағаға қатысты өз уәжі бар.
«Егер қазір Mercedes-ті сатып алатын болсаңыз, оны келесі жылы салоннан алынған қытайлық көлікпен салыстырғанда бұдан да қымбатқа сатасыз. Ал екі жылдан кейін одан да қымбатқа сатуға болады. Жалпы нарықта бұл көліктің орташа бағасы 9 млн теңге. Былтыр мұндай көліктерді 6 млн-ға, ал оның алдыңғы жылдары 4 млн-нан алғанмын», – дейді Иса.
Жүрілген көліктердің ішінде бірқатар модельдердің бағасы көтеріліп келе жатқанын қазақстандықтар бірнеше жыл қатарынан байқап отыр. Бағаның шарықтаған кезі 2022 жыл. Осы жылы логистикалық мәселелерге байланысты бірқатар брендтердің, әсіресе, еуропалық жаңа көліктерінің саудасы төмендеген болатын. Тап осы кезде Қазақстанда бұрын тебілген Mercedes-Benz бағасы 221%, BMW – 158%, Audi – 107%, Volkswagen – 100%-ға өсіп кеткен.
2022 жылы жалпы нарық бойынша жүрілген көліктер 60%-ға қымбаттаған. ҚАБҚ «Курсивке» былтыр осындай мәлімет берген.
2023 жылы бастапқы нарықта тапшылық болған жоқ. Нәтижесінде тебілген көліктер бағасы төмендей бастады, бірақ та жылдам өскені сияқты тез түсіп кеткен жоқ.
Mycar компаниясы «Курсивке» салондарындағы бұрын тебілген автокөліктер бағасының динамикасы жайлы мәліметпен бөлісті. 2023 жылы орташа баға 12%-ға түскен. 2022 жылы 12 млн теңгеден 10, 6 млн теңгеге түскен. Ал биылғы жылы орташа чек тағы 13%-ға, 9,2 млн теңгеге дейін төмендеген.
«Автокөлік нарығында бұрын мінілген көліктер бағасының төмендеуі байқалады. Пандемия, компьютерлік чиптердің болуы мен логистикалық шығынның өсуіне қатысты қиындықтар бірте-бірте артта қалды. Қазір тапшылық жоқ. Баға қымбат болған кезде көлік сатып алғандар қазір оны тиімді сата алмайды. Өйткені мұндай көліктердің нақты бағасы олардың ойлағанынан төмен», – деді Aster компаниясының өкілдері.
Жалпы қазақстандық автокөліктің қайталама нарығында «неміс» мен «жапон» көліктері ең өтімді болып отыр.
«Баға түсіп жатыр. Бірақ әзірге көлік сатушылардың күткен бағасы шынайы нарық бағасымен сәйкес келіп тұрған жоқ. Екінші деңгейлі банктер автокөлік алуға несие беру қарқынын төмендетсе, жаңа көліктерді пайдалану мерзімі артады. Ал бұл жүрілген көліктер нарығына шамалы болса да тұрақтылық әкеледі», – дейді Aster компаниясындағылар. Сондай-ақ баға динамикасы әртүрлі факторға, мысалы, экономикада өзгеріске, импорт саясатына және автокөлік индустриясының жалпы беталысына тәуелді болатынын да мәлім етті.
Сатпасам, айырбастаймын
Жүрілген көліктер саудасының тұралап қалуына тағы бір себеп – ол ескі автопарк. Қазақстандағы 20 жылдан жоғары тебілген көліктер санының пайыздық арақатынасы былтырғыға қарағанда 4,5% (49,8%-дан 45,3%-ға) төмендеген. Алайда жалпы саны бойынша алып қарайтын болсақ, бұл категория, керісінше, тағы 180 мың машинамен толыққан. Екінші орында 10 жыл 20 жыл аралығындағы көліктер тұр. Мұндай көліктер 23,5%-ға өскен. Яғни бір жыл ішінде олардың саны 287 мыңға өскен.
«Қайталама автокөлік нарығын болжау өте қиын. Дегенмен жақын арада қатты өзгеріс болатынына үміттеніп те керек емес. Қазіргі таңда Қазақстанда Hyundai, Chevrolet, Kia, Chery, Toyota, Haval, Jac, Changan, Jetour, Exeed сияқты көптеген әлемдік брендтер өзі көліктерін ұсынып отыр. Таяу арада елде Skoda, Changan, Chery және Haval брендтерінің көліктері шығарыла бастайды. Басқа да брендтер пайда болуы ғажап емес. Әртүрлі бренд ұсынатын жаңа көліктер мен баға сегменті көлік моделіне қарай әртүрлі болуы сатып алушының таңдауына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар ресми дилерлер көлік сатып алу шарттарын барынша тиімді етуде», – деді Анар Макашева.
Автокөліктің қайталама нарығында күтілетін өзгеріс жайын сөз еткен сарапшылар алдағы уақытта trade-in мен көлік айырбастау бойынша келісімге сұраныс қана артуы мүмкін деп отыр.
Осы аптадан бастап Қазақстанда банктер мен МҚҰ-лардың борышкерлермен және несие алушылармен өзараәрекет ету ережесі өзгереді. Атап айтар болсақ, қарыз жүктемесі коэффицентін есептеу талаптары күшейеді. Автонарық қатысушылар бұл машина сатып алғысы келетіндер санының азаюына әкеледі деп отыр. Осыдан жаңа көлік нарығының өсу қарқыны басылып, қайталама нарық сол баяғы қалпына қайтып келуі мүмкін.
«2024 жылы жүрілген автокөліктер нарығы тұрақты болады. Бірақ қарыздық мөлшерлеме бойынша шектеулерге байланысты, несиені мақұлдау деңгейінің төмендеуі болжанып отырғандықтан, бартерлік келісімдер, көлік айырбастау, сондай-ақ жүрілген автокөліктер салондарында келісімдер, trade-in үлесуі артуы мүмкін», – деп атап өтті Aster компаниясының өкілдері.
Orbis «Жүрілген автокөліктер» бөлімшесінің директоры Сергей Разумов 2023 жылы компанияларында брокерлік келісім бағыты 30%-ға артқанын айтты. Жалпы Orbis компаниясы 2022 жылға қарағанда 2023 жылы жүрілген көліктерді 45%-ға көп сатқан.
2023 жылы Mycar компаниясында trade-in бойынша келісім жасау 3,7%-ға (2022 жылдың наурызындағы 12% 2023 жылы 8,3%-ға түскен). Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 10% шамасында.