Астана сотында марқұм Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеген дәрігер тараптардың сұрағына жауап берді.
Көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденовтің айтуынша, жедел жәрдемге шақырту 19:55-те түскен. Мамандар оқиға орнына 8 минутта жеткен.
Жедел жәрдем мейрамханаға келген кезде оларды сотталушы Бақытжан Байжанов күтіп алып, 2-қабаттың VIP залына дейін еріп жүрген.
«Байжановпен сөйлескен жоқпыз, ол 2-қабаттағы VIP залды көрсетті. Кірсек, жалаңаш әйел диван үстінде жатыр екен, үстін көрпемен жауып қойған. Бірден қарауға кірістік. Еденге жатқызып, реанимация әрекетін жасай бастадық. Екі ер адам сөйлесіп тұрды, шығуын сұрадым. Ол екеуі – Бишімбаев пен Байжанов»,– дейді куәгер.
Айтуынша, жанында көлік жүргізушісі мен көмекшісі болған. Үшеуі реанимация бригадасы саналады. Көмекшісіне арнайы аппаратты қосуды сұраған. Сол уақытта Нүкенованың ес-түссіз тыныс алмай жатқанын анықтаған. Айтуынша, әйелдің беті де көрпемен жабылып жатқан.
Мамандар бұл жағдайға не себеп болғанын сұраған. Алайда Байжанов пен Бишімбаев сұраққа жауап бермеген.
«Бишімбаев шығып кетті, дәлізде айғайлап жүрді. Ішке кіріп, «тірі ма?» деп сұрады. Шығуын сұрадым. Содан кейін Байжановқа жедел жәрдем келгенше, қайтыс болғанын түсіндірдім»,– деді көшпелі бригада дәрігері.
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
8 сәуірдегі сот отырысында экс-министрге жәбірленуші тарап өкілдері сұрақ қойып жатыр.
2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.
9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сот алқабилерінің қатысуымен өтіп жатыр.
Ал 1 сәуірде экс-министр қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап берді. 4 сәуірдегі сот отырысында сотталушы айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген.