Жаңалықтар

Қазақстанда Шенген визасын алу үшін жалған құжат ұсынатындар көбейген

Жалған құжаттар ұсыну визалық өтініштерді өңдеу уақытын ұзартады / Архив: kursiv.media

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Одақ елдерімен визалық режимді жеңілдету жұмыстарын жүргізуде. Бірақ, кей азаматтарымыздың кесірінен бұл процесс күрделенуі мүмкін. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров құжаттарды қолдан жасау фактілерінің көбейіп бара жатқанын айтады. Бұл Шенген визасын беруден бас тартудың артуына алып келеді.

«Бұл Қазақстан Республикасының имиджіне елеулі нұқсан келтіреді. Виза алуды жеңілдету бойынша келіссөздерді қиындатады. Сонымен қатар біздің азаматтардың визалық тарихын нашарлатады. Болашақта визадан бас тарту мүмкіндігін де арттырады», – деді Смадияров.

Жалған құжаттарды ұсыну визалық өтініштерді өңдеу уақытын ұзартады. Осыған байланысты қазақстандықтардың арыз-шағымдары көбейген.

Сыртқы істер министрлігі азаматтарды виза алу үшін құжаттарды тапсыру, өтініш беру және алым төлеу процесін мұқият бақылауға шақырды.

Қандай жағдайда виза бермеуі мүмкін және ондайда не істеу керек?

Еуропаны аралағысы келген адамға Шенген визасы керек. Оны қалай алады, қандай түрлері бар, нендей құжаттар дайындау керек — осы және өзге де сұрақтарға жауапты бүгінгі материалымыздан таба аласыздар

Шенген визасы деген не?

Бұл — Шенген аймағына кіруге рұқсат беретін виза. Ол  арқылы жарты жыл ішінде бір немесе бірнеше рет кіруге болады. Берілетін мерзімі әртүрлі. Ал енді шенген аймағы дегеніміз — Еуропада жүргенде кеденшілермен қайта-қайта көрісіп, құжат көрсетіп жүрмес үшін емін-еркін жүріп-тұруға арналған территория. Әлемдегі ең ірі аймақтың бірінде мұндай жүйе ішкі жүріс-тұрысты жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттыру үшін жасалған. Мысалы, Финляндиядан Португалияға еркін өтуге болады. Ал енді аймақтан тыс елге кіру үшін арнайы құжат жинап, өткізу керек. Жеке басын, сондай-ақ кіру себебін түсіндіретін құжат қажет. 

Қалай рәсімдейміз?

Көпшілігіне визаны рәсімдеу жолы, мақұлдау уақыты қызық. Негізі дайын болу мерзімін нақты айту қиын. Қайда және қандай себеппен бара жатқаныңызға байланысты.  Кемінде бір ай бұрын құжат дайындаған абзал. Одан ертерек қамдана алсаңыз, тіпті жақсы. Өйткені виза алуға сұраныс көп болса, жазылатын бос күн таппай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан 2-3 ай бұрын дайындалғаныңыз дұрыс. Одан бөлек, құжат қарастыру уақыты да ұзаруы мүмкін. Негізі ең тез дегенде 2-4 апта кетуі мүмкін. Яғни сіздің құжат тапсырып, оны алатын уақытыңыз. Бастысы жалған құжат тапсырмау керек.

Қандай құжаттар керек?

  • Өтініш. Оны толтырып, тексеретін — аппликант;
  • Төлқұжат. Шенген аймағынан шығатын кезде құжат мерзімі бітпеуі керек. Кемінде әлі үш айы болуы керек. Сондай-ақ, жаңа штамптарға екі беті бос болуы қажет;
  • Шенген визаға арналған өлшем бойынша түсірілген фотосурет;
  • Шенген аймағында болатын мерзімге төленген сақтандыру полисі. Ол госпитализация, тасымал секілді шығындарды өтейтіндей болуы керек;
  • Төлқұжаттың көшірмесі;
  • Егер өзіңізбен бірге 18 жасқа толмаған бала баратын болса, оның туу туралығы куәлігінің көшірмесі, ата-анасының визасы, заңды өкілінің келісімі сұралады;
  • Қабылдап алатын мемлекетте қай жерге тоқтайтыны туралы мәлімет. Мысалы, қонақүйге жасалған брон немесе біреу шақырту жіберіп жатса, соның көшірмесі мен тұратын мекенжайы. Егер сізде қайда тоқтайтыныңы туралы деректерді растайтын құжаттар болмаса, онда саяхат жоспарын жазбаша тапсырыңыз;
  • Жоспарланған маршрутты дәлелдейтін құжаттар. Билетке тапсырыс бергеніңізді көрсететін электрон билет немесе саяхат жоспары;
  • Табысыңыз туралы ақпарат. Жұмыс орныңыздан берілетін анықтама, банктегі есепшотыңыз туралы дерек. Анықтамада мөр мен директордың қолы болуы міндетті. Ал сома шамамен бір адамға бір тәулікке 80 еуроға дейін деп есептеледі.